Ұландықтар сайлауда дауыс беруді уақытынан бұрын аяқтады

Ұландықтар сайлауда дауыс беруді уақытынан бұрын аяқтады

2021 жылдың 10 – қаңтарының сағат  12.00-де Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің аумағында орналасқан барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды.  

Мерзімді әскери қызмет жауынгерлері мен Ұлттық ұлан әскери институтының курсанттары әскери қалашықтар аумағындағы 38 сайлау учаскелерінде дауыс берді. Әскерилер арасында алғаш рет дауыс беруге қатысқандар көп. Әскери бөлімдердегі алғашқы сайлаушыларға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Мысалы, елордалық 5573 әскери бөлімінде сарбаздарға Абайдың кітабы сыйланды.

Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері дауыс беруге тұрғылықты жері бойынша қатысты. Бір ерекшелегі, биыл сайлау күні ұландықтардың кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. 10 қаңтар – Ұлттық ұлан күні. Алғашында Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері ретінде құрылған әскери құрылым 2014 жылдың сәуірінде Ұлттық ұлан мәртебесін иелік етті.

Бүгінгі күні Ұлттық ұлан жауынгерлері мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерімен күзетеді, ішкі істер органдарымен бірлесіп қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызметтерін атқарады, табиғи апаттардың салдарын жою жөніндегі шараларға қатысады, сонымен қатар заңға сәйкес басқа да міндеттерді орындайды.

Айта кеткен жөн, әскери қалашықтардағы 18 сайлау учаскесінде дауыс беру саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бақылаушыларының жіті бақылауымен өтті.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі