
Сағат 20:30 шамасында Жаңаөзен қаласындағы «Мұнайшы» саябағында патрульдік қызмет атқарып жүрген ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5548 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қараусыз жүрген баланы байқап, оның ата-анасын анықтап, отбасына аман-есен табыстады.
Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Ердәулет Базарбай және патрульдеуші қатардағы жауынгерлер Ерназ Еспусинов пен Есболат Болысбек қараусыз жүрген балаға бірден назар аударып, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдады. Әскери қызметшілер ата-анасын анықтап, баланы оларға аман-есен тапсырды.
Ұландықтардың қырағылығының арқасында жағдай дер кезінде бақылауға алынды. Әскери қызметшілердің қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның қысқа уақыт ішінде жақындарына оралуына мүмкіндік берді.
Ұлттық ұлан жауынгерлері күнделікті жауынгерлік қызмет атқару барысында азаматтарға түрлі жағдайларда көмек көрсетіп келеді. Биылғы жылдың алғашқы алты айында ұландықтар қоғамдық тәртіпті қадағалау бойынша 1,3 мыңнан астам міндетті орындады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі