Ұлттық ұланның жаңа TikTok аккаунтын ата-аналар неге талқылап жатыр?

Ұлттық ұланның жаңа TikTok аккаунтын ата-аналар неге талқылап жатыр?

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесін қолдау және балаларға қауіпсіздік мәдениетін қызықты форматта түсіндіру мақсатында Ulttyq Ulan KIDS атты жаңа TikTok парақшасын іске қосты.

Жоба аясында балаларға арналған қысқа анимациялық бейнероликтер жариялануда. Бейнероликтердің басты кейіпкерлері – Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарының шеврондарында бейнеленген жануарлар негізінде әзірленген ерекше маскоттар.

Олар кішкентай көрермендерге қызықты оқиғалар арқылы достық, адалдық, батылдық, тәртіп, Отанды сүю, қауіпсіздік ережелері мен адамгершілік құндылықтарды қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізеді.

Жаңа жоба балалардың танымдық қызығушылығын арттырып, олардың бойында патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, контент балалардың жас ерекшеліктеріне сай әзірленіп, тәрбиелік әрі танымдық мазмұнға басымдық беріледі.

Бұл бастама арқылы Ұлттық ұлан қоғаммен байланыстың жаңа деңгейіне көтеріліп, цифрлық платформаларда жас аудиториямен тиімді коммуникация орнатуды көздейді.

Ұлттық ұлан барлық ата-аналар мен бүлдіршіндерді жаңа TikTok парақшасына жазылып, қызықты әрі пайдалы мультфильмдерді бірге тамашалауға шақырады.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі