Төрт буынның тағылымы: Ұлттық ұлан Академиясында әскери әулеттің жалғасы білім алуда

Төрт буынның тағылымы: Ұлттық ұлан Академиясында әскери әулеттің жалғасы білім алуда

ІІМ Ұлттық ұланы Академиясының бірінші курс курсанты Ералы Жазит – Отан қорғау ісін дәстүрге айналдырған әскери әулеттің өкілі. Курсант Петропавлдағы әскери кадр даярлайтын білім ордасында «Байланыс әскеріне тактикалық басшылық» мамандығы бойынша білім алуда.

Оның арғы атасы Жұмабек Мыналимов Ұлы Отан соғысына қатысып, майдандағы ерлігі үшін ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен марапатталған. Ол Беларусь жеріндегі шайқастарда ерекше батылдық танытып, жау күштерін жою мен маңызды әскери нысандарды басып алуда көзге түскен.

Әскери жол кейінгі буындарда да жалғасын тапты. Ералының атасы Жазит Мыналимов Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтесе, әкесі Асқар Мыналимов ішкі істер органдарында және Ұлттық ұланда ұзақ жыл қызмет атқарған. Ол қылмыстық іздестіру және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінде еңбек етіп, кейін құқықтық тәртіп әскері сапында қызметін жалғастырды. Мінсіз қызметі үшін ведомстволық марапаттарға ие болған.

Бүгінде осы даңқты жолды Ералы Жазит жалғастырып келеді. Ол азғантай уақыт ішінде өзін зейінді әрі белсенді курсант ретінде көрсетіп үлгерген. Болашақ офицер оқуды үздікке аяқтап, Мемлекет басшысының қолынан «аға лейтенант» шенін алуды армандайды. Ал қазіргі уақытта сол мақсатқа қол жеткізу үшін талаптанып жүр. 

Осылайша, Мыналимовтар әулетінде Отанға қызмет ету дәстүрі төртінші буынға жалғасып отыр. Майдангерден басталған әскери тарих бүгінде Ұлттық ұланның болашақ офицерін тәрбиелеуге негіз болды.

Айта кетейік, биыл ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Академиясын 142 курсант тәмамдайды. Оқу бағдарламасын үздік аяқтаған 16 түлек қызыл дипломға ие болып, оларға алғаш рет бірден «аға лейтенант» әскери шені беріледі.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі