
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6655 әскери бөліміне жаңа қызметтік автокөліктер келіп түсті. Техниканы салтанатты түрде табыстау рәсімі «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшылық құрамының қатысуымен әскери бөлім аумағында өтті.
Жаңа автокөліктердің кілттерін әскери қызметшілерге «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Ерлан Нұрсейітов пен 6655 әскери бөлімінің командирі полковник Еділхан Аймағамбетов табыстады.
Жаңа техникалар Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы жүргізіп отырған қару-жарақ, әскери және арнайы техникалар паркін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстарының бір бөлігі. Бұл шара әскери бөлімдердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, бөлімшелердің ұтқырлығын арттыруға және қызметтік-жауынгерлік міндеттерді тиімді орындауға бағытталған.
Жаңа автокөліктер патрульдік-бекеттік қызмет атқаруға, жеке құрамды тасымалдауға, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау міндеттерін орындауға пайдаланылатын болады.
Заманауи техникалық сипаттамаларының арқасында көлік құралдары әртүрлі жағдайларда тапсырмаларды орындау кезінде жоғары сенімділік қамтамасыз етіп, әскери қызметшілердің жүктелген міндеттерді тиімді атқаруына мүмкіндік береді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі