
Елордада Мемлекеттік рәміздер күніне орай ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Үлгілі-көрсетімді оркестрінің қатысуымен салтанатты шеру мен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Іс-шара Ұлттық ұланның бастамасымен Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен өтіп, Есіл өзенінің жағалауында мерекелік күннің басты оқиғаларының біріне айналды.
Әскери музыканттар жағалау бойымен салтанатты шерумен жүріп өтіп, патриоттық шығармалар мен қазақстандық эстраданың танымал туындыларын орындады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын алып жүрген Құрмет қарауылы ротасының әскери қызметшілері шеруге айрықша салтанат пен көркемдік реңк берді.
Мерекелік бағдарлама Guard Next музыкалық жобасы аясындағы ашық аспан астындағы концертпен жалғасты. Елорда тұрғындары мен қонақтарына Отанға деген сүйіспеншілікті, халық бірлігі мен мемлекеттік құндылықтарға деген құрметті дәріптейтін әскери-патриоттық туындылар ұсынылды.
Концерттік бағдарлама қала тұрғындарының ерекше қызығушылығын тудырды. Жұртшылық оркестрдің өнерін тамашалау үшін аялдап, көпшілікке таныс әндерді бірге шырқап, әсерлі сәттерді бейнежазбаға түсірді.
Көрерменнің ерекше ықыласына бөленген Құрмет қарауылы ротасының жауынгерлері саптық даярлықтың жоғары деңгейін және салтанатты рәсімдердің үздік элементтерін көрсетті.
- Мемлекеттік рәміздер күні ұлттық мерекелер күнтізбесінде ерекше орын алады. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран - тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің және мемлекеттілігіміздің басты нышандары. Осындай іс-шаралар патриоттық рухты нығайтуға, ұлттық құндылықтарға құрметті арттыруға және жас ұрпақты Отанға деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге ықпал етеді, - деді Үлгілі-көрсетімді оркестрінің бастығы майор Төрехан Жаудинов.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мен қала тұрғындарының бірге орындауымен түйінделіп, мерекеге ерекше рух пен бірлік сезімін сыйлады.
Айта кету керек, Ұлттық ұлан мемлекеттік құндылықтарды дәріптеуге, қоғам мен армия арасындағы байланысты нығайтуға, сондай-ақ жастардың патриоттық тәрбиесін күшейтуге бағытталған мәдени-патриоттық жобаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі