
Мемлекеттік рәміздер күні елордада жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектері Қазақстан Республикасы Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан офицерлік погондар алды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Академиясының атынан бұл мәртебеге Нышанбек Ғаламат, Арыстан Маултов және Сырым Абжапбар ие болды. Сонымен қатар Академия түлегі Дияр Бурумбаевқа офицерлік погонды Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов табыстады.
Аға лейтенант шенін иеленген Нышанбек Ғаламат бұл күннің өзі үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
– Біз оқуда үздік болғаны үшін бірден аға лейтенант шенін иеленген алғашқы түлектерміз. Ал оны Президенттен алу – екі есе абырой! Бұл жетістікке жетуге ықпал еткен Академия басшылығына, профессор-оқытушылар құрамына және командирлеріме ризашылығымды білдіремін, – деді жас офицер.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметті өмірлік ұстаным ретінде таңдаған азаматтарды айтулы оқиғамен құттықтап, олардың абыройы Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенетінін баса айтты.
Бүгінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етіп, елдегі заңдылықты нығайтуға үлес қосып келеді. Бұл қызмет Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидатымен үндеседі.
Айта кетейік, биыл ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Академиясын 140-тан астам курсант тәмамдайды. Оқу бағдарламасын үздік аяқтаған 16 түлек қызыл дипломға ие болып, оларға алғаш рет бірден «аға лейтенант» әскери шені беріледі.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі