«Қуыр-қуыр, қуырмаш!»: Ұлттық ұлан оркестрі кішкентай пациенттерді қуантты

«Қуыр-қуыр, қуырмаш!»: Ұлттық ұлан оркестрі кішкентай пациенттерді қуантты

Балалар мерекесі қарсаңында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әлеуметтік бастама көтеріп, Астана қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында ем қабылдап жатқан бүлдіршіндерге арналған мерекелік іс-шара өткізді. Ізгі шара балаларға шаттық сыйлап, олардың жүздеріне күлкі ұялатуды мақсат етті.

 

Оған Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, орталық қызметкерлері, ата-аналар мен балалар қатысты.

 

Іс-шара барысында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің атынан медициналық орталыққа және онда ем алып жатқан бүлдіршіндерге түрлі сыйлықтар табысталды.

 

Арнайы ұйымдастырылған мерекелік бағдарламада құқықтық тәртіп әскерінің үлгілі-көрсетілім оркестрі көрермендердің зор қошеметіне бөленді. Әсіресе, әскери оркестрдің «Қуырмаш», «Қошақаным» секілді туындыларды, сондай-ақ балалар арасында кеңінен танылған шетелдік шығармаларды орындауы бүлдіршіндерге ерекше әсер сыйлады. Бұдан бөлек, көпшілік алдында Ән-би ансамблі де өнер көрсетті. Бұл концерт ем қабылдап жатқан балалар үшін күтпеген әрі қуанышты сый болды.

 

Сонымен қатар балалар мен ата-аналар қару-жарақтың, брондалған және жеке қорғаныс құралдарының көрмесін тамашалады. Қонақтар әскери техникамен жақын танысып, естелік суреттерге түсу мүмкіндігіне ие болды.

 

Осылайша, Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара бүлдіршіндердің жүздеріне қуаныш сыйлап, оларға жарқын әсер қалдырды.

 

Айта кетейік, Ұлттық ұлан осындай іс-шаралар арқылы өскелең ұрпақты Отанды құрметтеуге шақырып, патриоттық рухта тәрбиелеуді дәстүрге айналдырған. Мұның дәлелі ретінде оркестрдің бұған дейін жүзеге асырған Guard Next жобасын атауға болады.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі