
Семей қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5511 әскери бөлімінің әскери қызметшілері кәмелетке толмаған баланың өмірін арашалап қалу кезінде көрсеткен қырағылығы мен батыл әрекеттері үшін көтермеленді.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 8 сәуірінде Әуезов даңғылы бойында патрульдеу кезінде әскери жасақ үшінші қабаттағы пәтердің ашық терезесінің жанында ересектердің қарауынсыз тұрған баланы дер кезінде байқайды. Қауіп деңгейін бағалаған әскери қызметшілер жедел түрде терезе тұсына орналасып, құлап кетуді болдырмау үшін жедел әрекет етті.
Ата-аналары мен полиция қызметкерлері келгенге дейін баланың қауіпсіздігі патруль күшімен қамтамасыз етілді. Ұландықтардың кәсібилігі мен үйлесімді іс-қимылының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды.
- Біз жылдам әрекет еттік, себебі әр секунд маңызды екенін түсіндік. Ең бастысы - қайғылы жағдайға жол бермеу болды. Біздің қызметімізге осындай жоғары баға берілгені мен үшін үлкен мәртебе әрі мақтаныш, - деді ефрейтор Бексұлтан Темірбеков.
Көрсеткен ерлігі үшін әскери жасақ бастығы ефрейтор Дәулет Сейдалы, сондай-ақ патрульдеушілер ефрейтор Бексұлтан Темірбеков пен қатардағы Али Сағымбаев Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар ефрейтор Дәулет Сейдалы «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісімен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының атынан көтермеленді.
Ефрейтор Бексұлтан Темірбеков пен қатардағы Али Сағымбаев әскери бөлім командирінің шешімімен 10 тәулік мерзімге қысқа мерзімді демалысқа жіберілді. Сондай-ақ әскери қызметшілерге қол сағаттар табысталды.
Бұл оқиға Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің төтенше жағдайларда әрекет етуге жоғары дайындығын, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бар күшін салатынын айқын көрсетеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі