
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде әскери қызметшілердің оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «BOOKGUARD» әдеби челленджі бастау алды. Әскери қызметшілер челлендж эстафетасын құқықтық тәртіп әскерлерінің өзге де бөлімдеріндегі қаруластарына жолдады.
Жоба аясында ұландықтарға мерзімді әскери қызмет кезеңінде жеке қызығушылықтары мен моральдық-психологиялық жай-күйін ескере отырып, кемінде үш кітап оқу ұсынылады.
Сонымен қатар Ұлттық ұланның ақпараттық порталында аудиокітаптар бөлімі ашылып, кітаптарға қолжетімділік ыңғайлы форматта қамтамасыз етілді. Соның нәтижесінде бөлімшелерде кітап оқуға тұрақты түрде қызығушылық танытатын әскери қызметшілер санының артқаны байқалады.
Жобаның негізгі алаңы ретінде Түркістандағы «Фараб» кітапханасының №6 жылжымалы пункті базасында жұмыс істейтін 5574 әскери бөлімінің кітапханасы белгіленді. Қазіргі уақытта мұнда 100-ден астам тұрақты оқырман тіркелген. Бұл жеке құрамның кітап оқуға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Кітап қоры 1130 дананы құрайды. Оның құрамына көркем әдебиет, тарихи, әскери-патриоттық және ғылыми-көпшілік еңбектер, сондай-ақ мерзімді басылымдар енген. Әскери қызметшілер өздеріне қажетті кітаптарды таңдап, білім көкжиегін кеңейте алады.
Оқырмандық белсенділікті арттыру мақсатында ынталандыру жүйесі де енгізілген. Әскери қызметшілер «Айдың үздік оқырманы», «Оқу көшбасшысы», «Кітапхана белсендісі» және «Жылдың үздік оқырманы» номинациялары бойынша сынға түседі.
Жыл қорытындысы бойынша үздік оқырмандар оқыған кітаптарын комиссия алдында талқылап, арнайы төсбелгімен марапатталады. Сондай-ақ олардың фотосуреттері арнайы стендке орналастырылады.
«BOOKGUARD» жобасы Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастырып, олардың зияткерлік және тұлғалық дамуына ықпал етеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі