
Мемлекет басшысы айқындаған цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту бағыты аясында ҚР ІІМ Ұлттық ұланында заманауи технологиялық шешімдер кезең-кезеңімен енгізілуде. Осы бағыттағы кезекті жоба 5573 әскери бөлімінде жүзеге асырылды. Мұнда мерзімді әскери қызметтің сарбазы Ким Хён У ақпараттық портал әзірледі.
Жаңа цифрлық ресурс әскери бөлімнің қызметін оңтайландыруға бағытталған. Бүгінде ол бірқатар қызметтік үдерістерді автоматтандырып, уақыт шығынын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.
Жоба авторы – Алматы қаласының тумасы, қатардағы Ким Хён У. Ол «Ақпараттық технологиялар» мамандығын меңгеріп, алған білімін әскери қызмет барысында тиімді қолдануда. Алдағы уақытта «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында білім беру грантын иеленіп, кәсіби біліктілігін жетілдіруді жоспарлап отыр.
Цифрлық шешімдерді енгізуге деген қызығушылығы оған әскери бөлімнің ішкі үдерістерін жетілдіру жұмысына белсенді араласуға мүмкіндік берді. Аға офицерлердің жетекшілігімен ұландық әскери бөлім қызметіне талдау жүргізіп, цифрлық шешімдерді қажет ететін бағыттарды айқындады. Зерттеу нәтижесінде ақпарат алмасу жүйесін дамытуға ерекше назар аудару қажеттігі анықталды.
Нәтижесінде бұған дейін негізінен саптық алаңда жеткізілетін маңызды мәліметтер енді портал арқылы жедел жарияланатын болды. Бұл құжат айналымын жеңілдетіп, бұйрықтардың уақтылы жаңартылуын және деректердің өзектендірілуін қамтамасыз етті.
Психологиялық қызметтің жұмысына да ерекше көңіл бөлінді. Ким Хён У-дың қатысуымен мерзімді әскери қызметшілерді тестілеу нәтижелерін автоматты түрде өңдейтін алгоритм әзірленді. Әскери психологтардың айтуынша, енгізілген шешім жарты жылдың ішінде шамамен 500 жұмыс сағатын үнемдеуге мүмкіндік берген.
– Әскер мен үшін нағыз шыңдалу мектебіне айналды. 5573 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметшілер үшін барлық жағдай жасалған. Тәртіп пен жоғары талаптардың арқасында өзін-өзі дамытуға көп мүмкіндіктер бар. Мерзімді әскери қызметтің бір жылын барынша тиімді пайдаланып, жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруді көздеп отырмын, – деді ұландық.
Сарбаз Ким алдағы уақытта да бөлімнің жауынгерлік қызметін ұйымдастыру үдерістерін жеңілдетуге бағытталған жаңа цифрлық шешімдерді енгізуді жоспарлап отыр. Басты мақсат – қызметтің жеделдігін арттырып, әскери қызметшілер мен сарбаздарға қолайлы орта қалыптастыру.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі