Kazakhstan — UAE SWAT CHALLENGE-2026 жеңімпазы

Kazakhstan — UAE SWAT CHALLENGE-2026 жеңімпазы

Дубайда әлемнің үздік арнайы бөлімшелерін біріктірген UAE SWAT CHALLENGE-2026 халықаралық турнирі аяқталды. Бес бәсекелі күн ішінде әлемнің 48 елінен 109 команда іс-әрекеттің шеберлігін, жылдамдығын, тактикалық ойлауын және үйлесімділігін барынша көрсетті.

Қазақстан құрамасына еліміздің күш құрылымдарынан құралған "Kazakhstan А", "Kazakhstan B", "Kazakhstan C", "Kazakhstan D" командалары және "Kazakhstan Tomiris" әйелдер командасы қатысты. Айта кетейік, Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков Дубайда болып, әскери қызметшілерге қолдау көрсетіп, өз тәжірибесі мен тағылымын бөлісті.

Жарыстың бесінші күнінде қатысушылар ең серпінді кезеңдердің бірі — Obstacle Course (кедергілер жолағын) бағындырды. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша "Kazakhstan B" командасы І орын иеленді, ал "Kazakhstan A" бесінші орынға жайғасып, үздік бестікке кірді.

Турнирдің басты жаңалығы "Kazakhstan С" командасының тамаша жеңісі болды, ол барлық жарыс күндерінің қорытындысында UAE SWAT CHALLENGE-2026 турнирінің жеңімпазы атанды.

Жалпы рейтингте екінші орынды "Kazakhstan А" командасы жеңіп алды.

Сонымен қатар қорытынды кестеде қазақстандық командалар арасында позициялар келесідей бөлінді:

  • "Kazakhstan B" - 8 орын;
  • "Kazakhstan Tomiris" - 18 орын;
  • "Kazakhstan D" - 20 орын.

 

Қазақстандық командалардың жеңісі мен жүлделі орындары — отандық арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жоғары жауынгерлік дағдыларының, дене дайындығы мен кәсібилігінің көрсеткіші. UAE SWAT CHALLENGE-2026-да сәтті өнер көрсету Қазақстанның халықаралық беделін нығайтты және біздің жауынгерлеріміздің әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі