Ұлттық ұланның тәлімгерлік институты – офицерлердің кәсіби өсу жолы

Ұлттық ұланның тәлімгерлік институты – офицерлердің кәсіби өсу жолы

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында құқықтық тәртіп әскерлеріндегі тәлімгерлік жұмысты дамыту және жетілдіру мәселелеріне арналған Тәлімгерлік кеңесінің отырысы өтті.

Іс-шараға ТжӘҚЖ Бас басқармасының бастығы генерал-майор Аян Есжанов, ҚР ІІМ тәлімгерлер кеңесі төрағасының орынбасары отставкадағы генерал-майор Дәулет Салханов және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев қатысты. Ал бейнеконференция режимінде өңірлік қолбасшылықтар мен тікелей бағынысты бөлімдердің ардагерлер кеңесінің төрағалары қосылды.

Отырыс барысында тәлімгерлік бағытында атқарылып жатқан жұмыстар, сондай-ақ тәлімгерлік институтының тәрбиелік және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жүйесіндегі орны талқыланды. Жас офицерлерге тәлімгерлік ұйымдастыру әскери ортадағы тәрбиелік жұмыстың негізгі нысандарының бірі екені атап өтілді. Бұл іске командирлермен (қолбасшылармен) қатар психологтар, тәлімгерлер және Ұлттық ұланның ардагерлері белсенді түрде қатысады.

– Тәлімгерлік институты тәрбиелік жұмыста шешуші рөл атқарады. Ол қызметтік тәжірибемен бөлісуге және жас офицерлерге практикалық көмек көрсетуге бағытталған. Соның нәтижесінде оларда әскери қызметті дербес атқаруға қажетті кәсіби қасиеттер қалыптасады, – деді отставкадағы генерал-майор Дәулет Салханов.

ҚР ІІМ Тәлімгерлер кеңесі - ең тәжірибелі офицерлер мен ардагерлерден тұратын алқалы орган. Оның негізгі міндеті – әскери ұжымдарда тәлімгерлік жұмысты үйлестіру және дамыту. Жас офицерлерге арналған тәлімгерлер, әдетте, ең даярлығы жоғары офицерлер қатарынан таңдалып, кейін әскери бөлім командирінің немесе Ұлттық ұлан Академиясы бастығының бұйрығымен бекітіледі.

Тәлімгерлердің жұмысы алты айдан бір жылға дейінгі мерзімді қамтитын жеке жоспарлар негізінде жүзеге асырылады. Осы кезеңде олар жас офицерлерге қызметке тез бейімделуге, жауынгерлік қызмет пен жауынгерлік дайындықтың қыр-сырын меңгеруге, бұйрықтар мен қызметтік міндеттерді зерделеуге, ішкі тәртіп пен қызмет уақыты режиміне дағдылануға көмектеседі.

Сонымен қатар тәлімгерлер жас офицерлерге психологиялық қолдау көрсетіп, қызметтің алғашқы кезеңінде әскери өмірдің ерекшеліктері мен жүктемелерін еңсеруге жәрдемдеседі, сондай-ақ олармен тұрақты байланыста болады.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар тәлімгерліктің жас офицерлердің кәсіби қалыптасуындағы айрықша маңызын атап өтті. Тәлімгерлік практикалық тәжірибенің сабақтастығын қамтамасыз етіп, тәртіп пен жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде қызметтің тиімділігін арттырып, құқықтық тәртіп әскерлерінің кадрлық әлеуетін күшейтеді.

 

#ЗАҢМЕНТӘРТІП

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі