Болашақ Отан қорғаушылар Ұлттық ұланның авиациялық базасының тыныс-тіршілігімен танысты

Болашақ Отан қорғаушылар Ұлттық ұланның авиациялық базасының тыныс-тіршілігімен танысты

Елордада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 3656 әскери бөліміне дарынды ұлдарға арналған «Білім Инновация» лицей-интернатының оқушылары арнайы экскурсиямен барды. Танымдық сапар барысында жасөспірімдер авиациялық базаның қызметімен танысып, ел әуе кеңістігін қорғаудағы бөлімнің маңызды рөлі туралы мағлұмат алды.

Іс-шара аясында оқушылар әскери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігін көзбен көріп, авиациялық базадағы әуе техникасын жақыннан тамашалады. Жас қонақтар ұшақтар мен тікұшақтарды көріп, әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери қызметшілердің қызметіне куә болды.

Экскурсияны 3656 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығы подполковник Данияр Тоқтаров жүргізді. Ол жастармен әңгімелесу барысында әскери қызметке қызығушылықтың қалыптасуы осындай әсерлі кездесулерден басталатынын атап өтті.

- Әскери қызметке қызығушылық бір күнде пайда болмайды. Ол дәл осындай кездесулерден, көзбен көріп, жүрекпен сезінген сәттерден басталады, -деді подполковник.

Сонымен қатар оқушыларға Ұлттық ұлан Академиясына оқуға түсу тәртібі түсіндіріліп, кәсіби бағдар берілді. Жиын барысында Отан қорғаушы болудың мәні мен оған жүктелер жауапкершілік жайында кеңінен айтылды.

Айта кетейік, мұндай танымдық кездесулер жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілерге деген құрметін арттыруға ықпал етеді.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі