
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетовтің жетекшілігімен, Бас қолбасшының кеңесшісі капитан Әлібек Абдилов пен Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бас басқармасының бастығы генерал-майор Аян Есжановтың қатысуымен 2025 жылға арналған Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бас басқармасының, ақпараттық-баспа бөлімінің, сондай-ақ Ұлттық ұланның Ән - би ансамблі қызметінің қорытындылары шығарылды.
Кеңес барысында аталған бағыттарға жауапты лауазымды тұлғалардың баяндамалары тыңдалып, есепті кезеңдегі жұмыстың нәтижелері бағаланды. Құқықтық тәрбие, тәрбиелік-идеологиялық және ақпараттық-имидждік бағыттар бойынша қорытынды есептер ұсынылды.
Жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген генерал-майор Қайрат Үмбетов іс-шараның негізгі мақсаты атқарылған жұмысты жан-жақты талдау, қажетті мақсаттарды айқындау және жаңа қызметтік жылға басым міндеттерді белгілеу екенін атап өтті. Ол әскердегі тәрбие жұмысының маңыздылығына ерекше тоқталып, ақпараттық-имидждік қызметтің рөлін айрықша атап өтті.
- Қол жеткізілген нәтижелерді одан әрі арттыруға қажетті күштер мен құралдар жеткілікті. Барлық бастамашыл ұсыныстар Бас қолбасшылық тарапынан қолдау табуда, бұл үрдіс алдағы уақытта да сақталады, - деді генерал-майор Қайрат Үмбетов.
Кеңес қорытындысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары қызметті жетілдіру мен оңтайландырудың негізгі бағыттарын айқындап, жеке құрамды Жаңа жылмен құттықтады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі