
Жаңаөзен қаласында мәдени өмірдің жарқын оқиғаларының бірі «Кендірлі» мәдениет үйі ұйымдастырған Grand Ball–2025 «Шабыт шуағы» байқауы өтті. Салтанатты кеш классикалық музыка мен бал биін сүйетін көрерменді бір арнаға тоғыстырып, талғам мен әсемдікке толы ерекше мерекелік атмосфера сыйлады.
Бағдарламаның негізгі өзегіне айналған жұптық вальс байқауына 24 жұп қатысты. Паркетке шыққан 48 орындаушы би шеберлігінің жоғары деңгейін, сахналық мәдениетті және ырғақ сезімін айқын көрсетті. Көрермен мен қазылар алқасының ерекше назарын ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5548 әскери бөлімінен қатысқан сегіз жұптың өнері аударды.
Әскери тәртіп пен классикалық бидің эстетикасы үйлесім тауып, байқауға айрықша көркемдік пен мәнерлілік сыйлады.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы «Кештің үздік ханзадасы» атағын Ұлттық ұланның 5548 әскери бөлімінің 1-оперативтік мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары аға лейтенант Дарын Баймағамбетке табыстады. Оның сахнадағы сенімді жүріс-тұрысы, қимыл нақтылығы мен жұбымен үйлесімді биі мамандар тарапынан жоғары бағаланды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің осындай мәдени жобаларға белсенді қатысуы құқықтық тәртіп әскеріндегі қызметтің тек кәсіби және дене даярлығымен шектелмей, рухани-мәдени дамуды да қамтитынын айқын көрсетеді. Мұндай іс-шаралар әскер мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, жас ұрпақтың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына оң ықпал етеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі