Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультетінде VII ведомствоаралық ғылыми практикалық конференция өтті

Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультетінде VII ведомствоаралық ғылыми практикалық конференция өтті

Конференцияға «Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік қызметінің өзекті мәселелері» тақырыбы арқау болды. Жиынға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы, университет басшылығы, факультеттің педагогикалық-профессорлық құрамы мен магистранттары қатысты. Қатысушыларға Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, философия докторы, профессор генерал-майор Асқар Мұстабеков, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов конференцияның мақсаты мен көтеріп отырған мәселелерінің маңыздылығын жеткізді.

Күн тәртібінде құқықтық тәртіп әскерінің заманауи қауіп-қатер жағдайындағы рөлі, мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзара іс- қимыл мәселелері, құқықтық режимдер кезеңіндегі қызмет ерекшеліктері мен перспективалары сынды сұрақтар қарастырылды.

- Бүгінгі басқосуда әскердің даму перспективалары, қызметтік-жауынгерлік қызметтегі түйткілдер, кәсіби құзіреттілікті арттыру мәселелері қозғалды. Сонымен қатар Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, ел Презденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектегі Жолдауында жүктелген міндеттер аясында әрі заман талабына орай, оқу-жаттығу жүйесіне жасанды инттелект пен инновациялық технологияны енгізу сұрақтарына басымдық берілді, - дейді конференцияға модераторлық еткен факультет бастығы полковник Савердин Имиров.

Бұл конференцияны әскердің кәсіби даярлығы мен ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, оқу-жаттығу процестерін жаңғырту бағыттары, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу мүмкіндіктерінің бастауы деуге болады.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі