
Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультетінде еліміздің әскери ғылымына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым полковник Қанат Төлеңгітовтің есімі берілген оқу аудиториясы ашылды.
Іс-шараға Ұлттық ұлан қолбасшылығы, әскери білім ордасының басшылығы, құқықтық тәртіп әскерінің ардагерлері, ғалымның әріптестері мен шәкірттері, отбасы мен жақындары қатысты.
Ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының бірінші орынбасары генерал- полковник Руслан Жақсылықов, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов, Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков және басқа да қызметтес болған әскери қайраткерлер естеліктерімен бөлісті.
- Қанат Файзрахманұлын әскери педагогика саласының белсенді архитекторы деп есептеймін. Оның идеялары, еңбектері мен оқу-зерттеулері, әскери ғылымға деген көзқарасы - кадрлық офицерлер даярлау жүйесіне тірек болды деп нық сеніммен айтуға болады. Сондықтан да, ғалымның есімін ұлықтауды - оның кәсіби мұрасын жас буынға үлгі ету және ел мүддесіне адал қызмет етудің құндылығын дәріптеу деп түсіну керек, - деді генерал-майор Б.Әбжанов.
Ғалым атын иеленген аудиторияда полковник Қанат Төлеңгітовтің ғылыми еңбектері, әскери қызметтегі жетістіктері мен өмір жолы туралы баяндалған тақта орналастырылған. Аталмыш аудитория болашақ офицерлерді даярлау ісінде, ғылыми- зерттеу жұмыстарын жүргізуде және әскери-патриоттық тәрбиені нығайтуда маңызды рөл атқаратын болады.
Айта кетелік, полковник Төлеңгітов Қанат Файзрахманұлы — педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының мүшесі, Ресей Федерациясы Әскери Ғылым Академиясының мүшесі. 2008-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер комитетінің (қазіргі Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының) Жауынгерлік даярлық басқармасы оқу және ғылыми жұмыс бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының, Ұлттық қорғаныс университетіндегі Ұлттық ұлан факультетінің ашылуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан. 100-ден аса ғылыми зерттеулердің авторы. Еңбектері әскери білім беру саласында бүгінгі күні де тиімді қолданылуда.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі