
Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы факультеті оперативтік-тактикалық деңгейдегі мамандарды даярлайтын негізгі орталық ретінде өз орнын нығайтып келеді. 2010 жылдың 17 қарашасындағы ҚР Үкіметінің қаулысымен құрылған бұл бөлімше Ұлттық ұлан менеджменті бағыты бойынша бес біліктілік аясында офицерлер даярлап, әскерлердің ғылыми-педагогикалық әлеуетін арттыруға үлес қосып отыр.
Факультетке жасаған сапары барысында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков кадрлық әлеуетті толықтырудың маңыздылығын атап өтті. Ол құқықтық тәртіп әскерлеріне ғылыми дәрежесі бар офицерлер даярлау қажеттігіне баса назар аударды. 2025 жылы 15 жылдық мерейтойын атап өтетін Ұлттық қорғаныс университетіндегі факультет әскери білім беру жүйесі үшін маңызды орынға ие.
Факультет құрамына оперативтік өнер мен тактика кафедрасы және қызметтік-жауынгерлік қамтамасыз ету кафедрасы кіреді. Мұнда оқу, әдістемелік және ғылыми жұмыстар жүргізіледі, жауынгерлік және жұмылдыру даярлығы сақталады. Одан бөлек қауіпсіздіктің заманауи сын-қатерлерін ескере отырып, білім беру бағдарламалары жетілдірілуде.
Оқу орнында жылына үш рет Ұлттық ұлан офицерлері үшін біліктілікті арттыру курстары өтеді. 2014 жылдан бері осы факультетте Бас қолбасшылық, өңірлік қолбасшылықтар, арнайы мақсаттағы бөлімшелер, тыл, техника және қару-жарақ қызметтерінің 385 әскери қызметшісі әртүрлі бағыттар бойынша оқудан өтті.
Факультеттің жеке құрамы университеттің, қаланың және әскерлердің қоғамдық, спорттық және мәдени шараларына белсенді қатысып, тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болуда.
2024–2025 оқу жылдарының қорытындысы бойынша үздіктер:
Үздік әдіскер — оперативтік өнер және тактика кафедрасының доценті полковник Шалқар Мыңбаев;
Үздік оқытушы — қызметтік-жауынгерлік қамтамасыз ету кафедрасының аға оқытушысы полковник Талғат Сәрсебаев.
Магистранттар арасында жоғары нәтижелерге қол жеткізгендер: подполковниктер - Нұрбек Қарабалин, Мақсұт Жүсіпбеков, Даурен Ахметбеков, сондай-ақ майор Дамир Изембаев.
ҚР Қарулы күштері өкілдерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде Ұлттық қорғаныс университетінде әскери ғылымды дамытуға айрықша серпін берілді. Магистрлік және докторлық диссертациялардың тақырыптары қазіргі қақтығыстардың талдауы мен әскерлер алдында тұрған өзекті міндеттердің негізінде қалыптасады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы факультет оқытушыларын және магистранттарын мерейлі 15 жылдықпен шын жүректен құттықтайды және Отан игілігі жолындағы қызмет пен ғылыми ізденістерде толағай табыс тілейді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі