
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында тіл саясатын іске асыру жөніндегі 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдама аясында әскери қызметшілер үшін Qaztest жүйесі бойынша диагностикалық тестілеу ұйымдастырылды.
Тестілеудің негізгі мақсаты – жеке құрамның мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау, сондай-ақ тілдік дағдыларды дамытуға бағытталған жүйелі жұмысты күшейту. Бұл өз кезегінде әскери қызметшілердің кәсіби коммуникация сапасын арттыруға, ресми құжат айналымында және күнделікті қызметте мемлекеттік тілді кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Ақпараттық сағат форматында өткен тестілеуге Бас қолбасшылықтың елуге жуық офицері мен келісімшарт бойынша қызмет атқаратын әскери қызметшілері қатысты.
Тілдік білімді бағалау тыңдалым, лексика-грамматика, оқылым сынды үш бағыт бойынша жүргізілді. Барлығы 150 тапсырмадан тұратын тесттің нәтижелері әрбір қатысушының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін айқындауға негіз болады.
Айта кетсек, Qaztest – мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтауға арналған ұлттық бағалау жүйесі, оның нәтижелері мемлекеттік органдар мен әскери құрылымдарда біліктілікті көтеру және тілдік даярлықты жетілдіру үшін кеңінен қолданылады.
Ұлттық ұланда тіл саясатын сапалы жүзеге асыру – кәсіби әскери дайындықпен қатар, мемлекеттік қызметтің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі