Ұландық жас жеңімпаз атанды

Ұландық жас жеңімпаз атанды

«Айбын» VI республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының үшінші «Смарт сарбаз» өнертапқыштар байқауы өз мәресіне жетті. Байқаудың негізгі мақсаты — өскелең ұрпақтың жоғары технологиялар саласына қызығушылығын арттыру әрі олардың өздерінің әлеуетін жүзеге асыру болатын.

Байқауға қатысушылар өз қолдарымен жасаған роботтарымен таныстырды. Олардың көпшілігі төтенше жағдайлар, өрт сөндіру, миналарды іздеу мен тазарту кезінде және басқа да жағдайда адамды алмастыра алады.

Байқауға өзінің роботымен Қарағанды қаласының оқушысы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубының мүшесі Абзал Егінбаев та қатысты. Әділ қазылар мүшесі үш ай бойы іріктеу жұмыстарын жүргізіп, Ұлттық ұлан атынан жарысқа түскен Абзалды ҚР Қарулы Күштері және әскери құрылымдарының әскери-патриоттық клубтары арасында өткен сайыста үздік деп таныды.

Жастайынан физика-математикаға әуестенген Абзал өзінің тапқырлығы үшін «ITeenager» сертификатымен және басқа да сыйлықтармен марапатталды. Интеллектуалды жарыстарда әскеріміздің атын шығарған жас өнертапқышқа сәттілік, табыс тілейміз!