ҚР ІІМ Ұлттық ұланында тәрбие жұмысын жетілдіру және қызмет өткеру жағдайын жақсарту мақсатында 5573 әскери бөлімінде «аға сарбаздар» институты енгізілуде. Бұл бастама мерзімді қызмет әскери қызметшілері арасындағы тәлімгерлік жүйесін дамытуға бағытталып, алғашқы оң нәтижелерін көрсетіп отыр.
Жаңа үлгі бойынша тәртіптілігімен, көшбасшылық қасиетімен және қызметке жауапкершілікпен қарауымен ерекшеленген жоғары шақырылымдағы сарбаздарға үшінші біліктілік сыныбы мен «аға сарбаз» мәртебесі беріледі. Олар өз қарамағына бірнеше жас сарбазды алып, олардың бейімделуіне, тұрмыстық жағдайының ұйымдастырылуына, тәртіп пен моральдық-психологиялық ахуалды сақтауға көмектеседі. Аға сарбаздар қамқорлығындағы жас сарбаздарды мәдени және патриоттық іс-шараларға бастап барып, тәлімгерлік және үлгі көрсетушілік рөлін атқарады.
Жаңа жүйенің ерекше белгісі ретінде аға сарбаздарға қызыл-қоңыр жолақ кеудеше беріледі, ол олардың қызмет өткерудегі ерекше мәртебесін айқындайды.
Астана бригадасының басшылығы атап өткендей, бұл жүйе келісімшарт бойынша қызметтегі әскери қызметшілердің жүктемесін азайтып, күнделікті тәрбие және бақылау мәселелерінде оң әсерін тигізуде. Қазіргі таңда 15-тен астам аға сарбаз келісімшарт негізінде қызметін жалғастыру мүмкіндігін пайдаланды. Бұл олардың әскери қызметке деген ынтасының артқанын және ортақ іске қосқан жеке үлесінің маңыздылығын терең түсінетінін көрсетеді. Салтанатты жағдайда оларға әскери бөлім аумағындағы жатақханадан жеке бөлмелердің кілттері табысталды.
«Аға сарбаздар» институтының енгізілуі Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының бастамасы және қолдауы арқасында жүзеге асуда. Бұл қадам қызмет өткеру жағдайларын жақсартуға, әскери тәртіпті нығайтуға және жеке құрам арасында ұжымдық рух қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі болып табылады.
Бұл бастамалар бөлімшелер ішінде ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жауапкершілігі мол, ынталы әрі ұйымшыл жеке құрам қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай сарбаздар құқықтық тәртіп әскерлерінің алдында тұрған міндеттерді тиімді орындауға қабілетті.
Айта кету керек, жаңа жүйе Астана бригадасында сынақтан өткізілуде. Егер тәжірибе өз тиімділігін дәлелдесе, «аға сарбаздар» институты Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде енгізілмек.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі