
Күні кеше ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген әскери қызметшілері бір күннің ішінде жоғары қырағылық пен кәсіби шеберлік танытты. Олар басынан жарақат алған 9 жасар балаға көмек көрсетіп, қолында пышағы бар жасөспірімді ұстады.
Маңызды оқиғаның бірі Салтанат ықшам ауданында болған. Шаһардың тыныштығын қадағалап жүрген әскери жасақ жедел әрекет етіп, жарақат алған 9 жасар балаға алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Ойын алаңында жүгіріп жүрген бала тербеліп тұрған әткеншекке соғысып, сол жердегі жиектасқа құлаған. Дереу көмекке келген әскери жасақ жеткіншектің басындағы терең кесілген жарадан қан кетіп жатқанын көреді. Патрульдік топ бастығы кіші сержант Асылхан Мырзабек қасындағы патрульшілерімен бірге жеткіншекке алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дереу жедел жәрдем көлігін шақыртқан.
Дәрігерлер келгенше әскери жасақ баланың жағдайын бақылап, жарақат орнын таңып, қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
- Қан кетуді тоқтату әдісін қолдандық, жараны таңып, жедел жәрдем шақырдық. Анасына хабарласып жағдайды түсіндірдік. Оқиға орнына жедел келген дәрігерлер жарақат алған ойын баласының жарасына ем-дом жасады, анасымен бірге емханаға алып кетті, — дейді кіші сержант Асылхан Мырзабек.
Құқықтық тәртіп әскерінің сарбаздары сол күні Қаратау ықшам ауданында қырағылықтың тағы бір үлгісін көрсетті. Жауынгерлік қызметте жүрген әскери жасақ бастығы кіші сержант Еркеғали Жиембек, патрульшілер қатардағы Бақтияр Тұранов пен Ерлан Жарылғап түнгі сағат 22.00 шамасында Президент саябағының алдында тәртіп сақшыларын көріп, қашпақшы болған бозбаланың адымын аштырған жоқ. Жасақ бастығы кіші сержант Еркеғали Жиембек оның құжаттары мен жеке заттарын қаруға шешім қабылдады. Қолындағы сөмкеден пышақ табылған жігіт полиция бөліміне жеткізілді.
Бұл оқиғалар – Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің тек қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін ғана емес, сондай-ақ төтенше жағдайда көмек қолын созуға әрқашан дайын екендігінің дәлелі.
ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі