Нұр-Сұлтанда ұландықтар жоғалған 5 жасар ұлды тапты

Нұр-Сұлтанда ұландықтар жоғалған 5 жасар ұлды тапты

Оқиға 6 қазан күні «Орбита» сауда үйінің маңында орын алды. Қатардағы Диас Кеңес басшылық жасайтын елордалық Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің әскери жасағы қалыпты режімде қызмет атқарған болатын. Қызмет атқару бағытында жауынгерлер ересектердің бақылауынсыз жүрген кішкентай балаға назар аударады.

Сұрастыра келгенде балақай өз мекен-жайын айта алмаған, содан кейін ұландықтар бала туралы мәліметтерді басқа әскери жасақтарға таратты. Осы кезде бір сағат бойы баласын іздеп, салы суға кеткен ата-аналар Ұлттық ұлан жауынгерлерінен көмек сұраған.

Сөйтсек, 5 жасар Богдан достарымен кеш батқанша ойнап, ауласынан алшақтағанын байқамай, үйіне барар жолды таба алмаған екен. Жоғалған баланың жаурап тұрған түрін көрген патрульшілердің бірі өзінің сыртқы киімін берген. Әрі қарай балақай әскери жасақтардың қызметін тексеріп жүрген кезекшілік топтың қызметтік көлігімен жақындарына жеткізілді.

Кішкентей Богданның ата-аналары көрсетілген қамқорлық пен қырағылықтары үшін әскери қызметшілерге өз алғыстарын айтты.  

ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі