ҚР ІІМ Ұлттық ұлан жауынгері “Ізгі жүрек” сыйлығына ие болды

ҚР ІІМ Ұлттық ұлан жауынгері “Ізгі жүрек” сыйлығына ие болды

«Iзгi жүрек» – адамдарды ажалдан құтқарып қалған шығысқазақстандықтарға жыл сайын берілетін «Казцинк» компаниясы тағайындаған сыйлық.

Лауреаттар халықтық дауыс беру арқылы іріктеледі. Алты үміткер қатысқан номинацияда ұландық ефрейтордың ерлігін жерлестері ерекше бағалаған.

Батыл әрекет жасаған өңір тұрғындарына құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылатын  «Ізгі жүрек» сыйлығының марапатына биыл «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінің аға сарбазы  Пермабек Жанасбек ие болды. Еске салайық,  ефрейтор Жанасбек еңбек демалысында ерен ерлігімен көзге түскен болатын.

Ол Өскемен қаласында Үлбі өзенінің жағасында серуендеп жүріп,  суға тұншығып, жатқан қызды байқайды. Әскери қызметші өзен суының қатты ағысына қарамастан, қызды құтқарып қалады.  Осы  ерлігі үшін «Казцинк» компаниясының басшылығы — «Ізгі жүрек» ұйымдастырушылары оған 1 000 000 теңгенің  сертификатын табыстады.

Ефрейтор Жанасбек Пермабек бұған дейін көрсеткен ерлігі үшін  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған болатын. Төрт баланың ардақты әкесі Ұлттық ұлан қатарында он жылдан аса абыройлы қызмет етіп келеді.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан жауынгерлері  қатарынан үшінші мәрте кәсіпорын ұсынған  сыйлықтың  иегері  атанып отыр. 2024 жылғы номинация подполковник Денис Шеметке, 2023 жылы ефрейтор Тілек Құмарбековке бұйырған болатын.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі