Қарағанды қаласында орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде әскери ант қабылдау салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген 450-ге жуық жас сарбаз қатысты.
Бұл сәт олардың әскери өмірдегі алғашқы қадамы және Отан алдындағы қасиетті борыштарын атқарудың бастауы болды. Әскери ант — әр жауынгер үшін үлкен жауапкершілік пен адалдықтың символы. Салтанатты шарада сарбаздар Қазақстан Республикасы мен оның халқына жанқиярлықпен қызмет етуге дайын екендіктерін ресми түрде мәлімдеді.
Айтулы рәсімге сарбаздардың ата-аналары, туыстары мен жақын достары шақырылды.
Әскери бөлімнің командирі полковник Мақсат Қырғызбаев пен шақырылған қонақтар әскердегі қызмет — құрметті және маңызды міндет екенін атап өтіп, сарбаздарға жылы лебіздерін білдірді.
– Әскери ант қабылдау сәті әр сарбаздың жүрегінде мәңгі қалады. Отан қорғаушы болу – батылдықты, табандылық пен адалдықты талап ететін асыл миссия, – деді полковник Мақсат Қырғызбаев.
Айта кету керек, қатарға жаңадан қосылған жас Отан қорғаушылар енді түзеу мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейтуге қатысатын болады.
Іс-шара соңында бөлім командирі ата-аналарымен жүздесіп, сұрақтарына жауап берді. Ант қабылдаған сарбаздар жақындарымен уақыт өткізуге босатылды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі