Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінің патрульдік жасағы педагогикалық институт маңындағы көшелердің қоғамдық тәртібін қадағалау барысында ересектерсіз жүрген баланы байқап қалған.
Сарбаздар дереу баланың қасына барып, мән-жайды анықтауға тырысты. Әңгіме барысында оның адасып кеткені, қайда барарын білмейтіні белгілі болды. Әскерилер кідірместен баланы патрульдік көлікке отырғызып, полиция департаментіне қарай бет алды.
- Бала жақындарынан көз жазып, қатты қорқып қалған екен, бірақ тез тіл табыстық. Бастысы - оның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ата-анасын тезірек табу еді, - деді лейтенант Саламат Әнуаров.
Әскерилердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде бала қысқа мерзім ішінде ата-анасына табысталды.
Ұлын көрген анасы ерекше қуанып, Ұлттық ұлан сарбаздарына алғысын білдірді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі