Ұлттық ұланда ержүрек жауынгерлерді еске алды

Ұлттық ұланда ержүрек жауынгерлерді еске алды

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында 2016 жылы Ақтөбе қаласында орналасқан 6655 әскери бөліміне жасалған террористік шабуылға тойтарыс беру кезінде өз өмірін қиған ұландықтардың ерлігіне арналған "Мәңгілік сапта" естелік акциясы өтті.

Іс-шара аясында ұландықтар қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл акция сын сағатта көрінетін антқа адалдыққа және әскери борыштағы төзімділікке деген құрметтің символына айналды.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 5 маусымында сағат 14:35-те бір топ қарулы террористер 6655 әскери бөліміне қару-жарақ, оқ-дәрі алу және жеке құрамды жою мақсатында шабуыл жасады. Содырлар жолында бірінші болып ҚР ҰҚК әскери қарсы барлаудың аға жедел уәкілі майор Даниэль Майлыбаев, патрульші қатардағы жауынгер Сапар Досбол және келісімшарт бойынша әскери қызметші кіші сержант Берік Қалиев болды. Үшеуі де соңына дейін күресіп, ерлікпен қаза тапты.

Соңғы демі қалғанша қайсарлық танытқан Берік Қалиевтің батылдығына бас иеміз. Құқықтық тәртіп әскерінің үш қана әскери қызметшісі саны жағынан өздерінен үш есе көп қылмыстық топқа төтеп беріп, олардың қару-жарақ қоймасын басып алуына жол бермеді. Өмір мен өлім арасындағы арпалыс 15 минутқа созылды және ержүрек жауынгерлердің ерік-жігері мен жанкештілігі террористердің жоспарына тосқауыл болды.

Шабуыл кезінде казармада болған сарбаздар нұсқаулыққа сәйкес жедел әрекет етіп, қорғанысқа дайын болды. Олардың үйлесімді және батыл әрекеттерінің арқасында стратегиялық нысандар шабуылдан аман қалып, адам шығынына жол берілмеді.

"Мәңгілік сапта"  акциясы — әскери қызметшілердің еліміздің бейбітшілігі мен қауіпсіздігі жолындағы баға жетпес батырлығын еске салу. Ақтөбе батырларының ерлігі нағыз батылдықтың, ар-намыс пен антқа адалдықтың үлгісі ретінде құқықтық тәртіп әскерлерінің тарихында мәңгі қалады.

Айта кету керек, бұл күні ҚР ІІМ Ұлттық ұланының барлық әскери бөлімдерінде қайғылы оқиғаға арналған еске алу іс-шаралары өткізілуде.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі