Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған іс-шара өтті. Іс-шара әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындауымен басталды.
Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы полковник Нұрбай Бектұрсыновтың жеке құрамның шараға дайындығы туралы баяндамасынан кейін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары полковник Еркебұлан Хамидуллин әскери қызметшілерді мерекемен құттықтады.
— 1992 жылғы 4 маусымда "Мемлекеттік рәміздерді бекіту туралы" Заңға қол қойылды. Мемлекеттік рәміздер ұлттық болмысымызды, даналық пен халқымыздың арман-тілектерін бейнелейді. Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу — Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті міндеті және ел мен жерді, халықты, тарихты, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды қастерлеуді білдіреді. Егемен еліміз әрқашан дамып, өркендей берсін, мемлекеттік рәміздеріміз әлемге танылсын! — деді Е.Хамидуллин.
Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер — ажырамас ұғым. Төл нышандарымыз патриотизмді оятар ұлттық мақтаныш болып табылады. Бүгінде еліміз басқа мемлекеттерге тең зайырлы ел ретінде танылды. Ел Президентінің сапарлары барысында және түрлі әлемдік тұғырларда Мемлекеттік Ту биіктен желбірейді.
Айта кету керек, бүгін ҚР ІІМ Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде мемлекеттік рәміздерге арналған іс-шаралар өткізілуде. Іс-шара салтанатты шерумен аяқталды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі