ҚР Ұлттық ұланының логотипі
Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Ұлттық ұлан туралы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Онлайн қабылдау
Все материалы
Патриоттық жұмыс
22 апреля 2025
Ұлттық ұлан әскери қызметшісі Астанадағы шеруді жүргізуді армандайды

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы — бұл тек әскери борышты өтейтін орын ғана емес, арман қанат жайған мекен. Мәселен, 5573 әскери бөлімінде патрульдік-бекеттік қызмет атқаратын әскери қызметші Батырхан Сағидолла тек тамаша мансап қана емес, бір күні еліміздің басты салтанаттарының бірі - Жеңіс шеруінде жүргізуші болуды армандайды.

Жас жігіт Ұлттық ұлан қатарына Павлодар облысынан шақыртылып, елорда көшелерінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр. Бірақ мұнтаздай форманың, нық жүрістің артында темірдей тәртіпке бағынған сарбазбен қатар сөз өнеріне ғашық жан жасырынған. Батырханның қою,қоңыр үні әскери бөлімнің айрықша белгісіне айналып үлгерген.

Бос уақытында ол дикциясымен айналысып, өлең оқиды, мәтін жазып, аңызға айналған дикторлар — Юрий Левитан мен Қазақ радиосының алтын дауысы Әнуарбек Байжанбаевтың мұрағаттағы жазбаларын тыңдайды.

Батырханның арманы — біреу-ақ, бірақ ол —шексіз әрі шын жүректен шыққан: бір күні әскери шерудің дауысына айналу. Ол атақ-даңқты мақсат етпейді — тек бір күні оның үні сап түзеген сарбаздардың маршы мен ризашылық білдірген халықтың қошеметімен үйлесе естілеріне сенеді.

Бүгінде оның қарулас достары Батырханды құрметпен «біздің Левитан» деп атайды. Оның үні бөлім ішіндегі салтанатты жиындарда, әскери шеруге дайындықтар мен түрлі іс-шараларда жиі естіледі. Қолбасшылық та Батырханның ұмтылысын қолдап отыр, себебі дәл осындай жігерлі жастар заманауи Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қуатты, білімді және болашаққа бет алған жаңа бейнесін қалыптастыруда.

Батырхан Сағидолланың оқиғасы — әр сарбаздың артында арманы биік тұлға тұрғанының жарқын дәлелі. Бұл — әзірге бөлім қабырғасында ғана естілетін үннің бір күні күллі елге таралуын аңсаған жүрек туралы әңгіме. Ал кім біледі, бәлкім, таяуда Астананың бас алаңында ұландықтың нық, сенімді, жігерлі үніне куә болармыз.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

21 апреля 2025
Ұлттық ұланның әскери қызметшісі самбодан Азия чемпионатында алтын алды

Өзбекстан астанасы-Ташкент қаласында самбо шеберлері арасында Азия чемпионаты өтті. Беделді турнирге құрлықтың мықты спортшылары, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының өкілдері қатысты.

64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы Ержан Қоңыров алтын медаль жеңіп алып, тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.

— Мен Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековке, Бас қолбасшылықтың дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы полковник Сатжан Әбішевке және мені қолдағандардың барлығына алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс-командалық жұмыстың, біздің қолбасшыларымыздың сенімі мен қолдауының нәтижесі, — деп атап өтті марапаттау рәсімінен кейін Ержан Қоңыров.

Ержан Қоңыровты әкесі Қайыржан Қоңырұлы үлкен спортқа алып келді. Ол КСРО — ның классикалық күрестен спорт шебері. Әкесінің ізімен Ержан самбоға 20 жылдан астам уақыт арнады және осы уақыт ішінде керемет нәтижелерге қол жеткізді. Ол самбодан спорт шеберлері арасында 2022 жылғы Қазақстан чемпионы атанды, 2023 жылы осындай жарыстарда үшінші орынға ие болды, ал 2024 жылы тұғырдың жоғарғы сатысына көтерілді. Сондай-ақ оның активінде 2023 жылғы Азия чемпионатының күмісі және 2024 жылғы қола медальі бар. Самбодан басқа, ол дзюдода да сәтті өнер көрсетті. 2022 жылы ол күмісті жеңіп алса, ал 2023 жылы ол чемпион атанды. Бүгін оның спорттық қоржыны тағы бір беделді марапатпен толықты.

Чемпионымызды құттықтай отырып,  спорттық және қызметтік салада жаңа жарқын жеңістер тілейміз!

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Жауынгерлік қызмет
20 апреля 2025
Ұландықтар Павлодарда өртенген автокөлікті сөндірді

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қала қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Сағадат Нұрмағамбетов көшесінде жанып жатқан Volkswagen Golf маркалы автокөлікті байқады.

Әскери жасақтың бастығы қатардағы жауынгер Ернұр Аманқұл оқиға туралы дереу әскери жасақтар бойынша кезекшіге хабарлап, 101 шұғыл қызметін шақырды. Ол көлікті қауіпсіз жерге сүйреп апарып, өрт сөндіргіштің көмегімен өртті жойды. Өрт құтқарушылар келгенге дейін сөндірілді.

- Жүргізуші абдырап қалған сияқты. Ол жалынға оранған көліктің алдында не істерін білмей тұрды. Мен өрт сөндіргішті жүк салғыштан шығарып, жалынды тоқтатуды бастадым. Содан кейін мен аккумуляторды шешіп алдым. Біз өтіп бара жатқан адамдардың ешқайсысы зардап шекпеуі үшін өрт аумағын қоршадық, — деді әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Ернұр Аманқұл.

Өрт сөндірушілер келгенге дейін ұландықтар жалынмен сәтті күресті. Зардап шеккендер жоқ. Әскери қызметшілердің жедел әрекеттерінің арқасында сын-қатерлердің алдын алуға мүмкіндік туды.

Жүргізуші ұландықтарға жедел көмек көрсеткені үшін алғыс айтты.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

 

19 апреля 2025
Ұландық Милад Карими Дохадағы Әлем кубогы кезеңінің "алтынын" жеңіп алды

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының спорт командасын даярлау орталығының аға маманы Милад Карими Катар астанасы — Дохада өткен спорттық гимнастикадан Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды.

Рой еден жаттығуларының финалында Карими төрешілерден 14,466 ұпай жинап, керемет қойылым көрсетті. Бұл оған отандасы Алтынхан Темірбектен (13,633) және Ұлыбритания өкілі Сэм Мостофиден (13,600) озып, бірінші орынға ие болуға мүмкіндік берді. Қарсыластары сәйкесінше, екінші және үшінші орындарға жайғасты.

Али Милад Карими Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасында спорттың дамуына елеулі үлес қоса отырып, дене шынықтыру және спорт бойынша аға нұсқаушы міндеттерін орындайды.

Сондай-ақ, Әлем Кубогының кезеңі аясында қазақстандық Нариман Құрбанов 14,566 балмен жақсы нәтиже көрсетіп, ат үстіндегі жаттығулар финалында қола жүлдеге ие болды.

19 сәуір күні Карими зілтемірдегі жаттығулар финалында өнер көрсетеді, ол бұл санатта да жүлделі орынға үміткер қатарында.

Ефрейтор Милад Каримиді жарқын жеңісімен құттықтаймыз және халықаралық аренада жаңа табыстар тілейміз!

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Патриоттық жұмыс
18 апреля 2025
Ел Президенті ұландықты марапаттады

18 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті жұмыс сапарымен Ақтау қаласына келді. Іс-сапар аясында Мемлекет басшысы жергілікті билік өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты, сондай-ақ қызметтік борышын орындау кезінде ерекше батылдық танытқан әскери қызметшілерді құрметтеуге арналған салтанатты іс-шараға қатысты.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланның "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 3502 әскери бөлімінің жедел қамтамасыз ету ротасының 1 взводының аға маманы ефрейтор Нұрғазы Тәшінбековке "Жауынгерлік ерлігі үшін" мемлекеттік наградасын — медалін тапсыру маңызды сәттердің бірі болды. Ол қызметтік жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде батылдық, табандылық және кәсібилік танытқаны үшін осы марапатқа ие болды.

Марапатты өз қолынан тапсыра отырып, Президент мұндай әскери қызметшілердің Отанға деген адалдығы мен батылдығы жауынгерлік рухты нығайтатынын және үлгі болатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет басшысы Қазақстан армиясы ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың кепілі болып қала беретініне сенім білдірді.

Мемлекеттік награданы алғаннан кейін ефрейтор Нұрғазы Тәшінбеков толқуын әрең тежеп, журналистермен өз ойларымен бөлісті:
— Президенттің қолынан медаль алу - үлкен құрмет пен жауапкершілік. Мен бұл марапатты тек өзіме емес, сонымен қатар құқықтық тәртіп әскерлеріне берілген баға ретінде қабылдаймын. Біз бірге қызмет атқарамыз, тапсырмаларға бірге шығамыз және әрқайсымыз өз еліміздің қауіпсіздігі үшін соңына дейін тұруға дайынбыз.
Осындай жоғары баға үшін өте ризамын. Бұл шабыттандырып, күш береді және абыроймен қызмет етуді жалғастыруға ынталандырады. Мен Ұлттық ұлан қатарында қызмет ететінімді мақтан тұтамын. Ел сенімін ақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын! Қазақстан Республикасына қызмет етемін!
Президент барлық әскери қызметшілерге қызметі үшін алғыс айтып, зор денсаулық, амандық және алға қойылған міндеттерді орындауда табыс тіледі.

Айта кету керек, Ұлттық ұлан заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындайды, маңызды мемлекеттік объектілерді күзетуге және арнайы жүктерді алып жүруге жұмылдырылады, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларға тартылады.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

18 апреля 2025
Күш пен ар-намыс жолы: Азия чемпионы Аида Әбікеева ұландықтармен кездесті

Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде ерекше іс-шара өтті. Ұландықтар Азия чемпионы, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аида Әбікеевамен кездесті.

Іс-шараның басты мақсаты — жас сарбаздарды ынталандыру, салауатты өмір салтын насихаттау және патриоттық рухты нығайту болды. Спорттағы елеулі жетістіктерінің арқасында елдің мақтанышына айналған Аида Әбікеева өзінің кәсіби спорттағы жарқын нәтижелерімен бөлісу және жетістіктері арқылы жауынгерлерді жігерлендіру үшін әскери бөлімге арнайы келді.

Өз сөзінде Аида жеңіске жетудегі табандылықтың, тәртіптің және еңбекқорлықтың өзектілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, спорт пен өмірдегі сәттіліктің кілті — адалдық пен қажырлы еңбек.

Еске сала кетейік, бұған дейін Аида Әбікеева Сербияда өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен болатын. Ол Қарағанды бокс мектебінің тарихында тұңғыш рет осы атаққа ие болды.

Кездесу барысында ұландықтар үлкен қызығушылықпен чемпионға көптеген сұрақтар қойды. Әскерилер спортшының күн тәртібіне, жаттығу процесінің ерекшеліктеріне және жарыстарға дайындығына ерекше назар аударды. Чемпион сарбаздардың әскери қызметінің маңыздылығын айтып, оларға сәттілік тіледі.

Іс-шара соңында әскери бөлім қолбасшылығы атынан Аида Әбікееваға алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Жауынгерлік қызмет
17 апреля 2025
Ұлттық Ұланның Бас қолбасшысы Оңтүстікөңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдеріне тексеру жүргізді

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің тыныс-тіршілігімен танысты.

5574 әскери бөлімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістандағы қоғамдық тыныштықты сақтау және тұрғындар мен туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ашылған.

Генерал-майор А. Балтабеков әскери бөлімнің материалдық-техникалық базасымен танысып, тарихи шаһардағы жауынгерлік қызметтің жай-жапсарына үңілді.

Мұндағы 150 сарбаз жыл басынан бері 281 құқық бұзушылықты анықтаған.

Бас қолбасшының Түркістан қаласындағы қызметтік іссапары облыстық Полиция департаментінде де жалғасты. Ол жерде жедел басқару орталығын және кезекші бөлімді аралап шықты.

Осыдан соң ол құқықтық тәртіп әскерінің Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне атбасын бұрды.

Аңсаған Балтабеков әскери бөлім қолбасшылығымен өзекті мәселелерді талқылады. Жеке құрамның жағдайына  назар аударып, сарбаздардың сапалы тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етілуін талап етті. Әскери қызметшілермен кездесу өткізіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Бұдан бөлек 6698 әскери бөлімі мен 6506 құрамасының 1 жедел мақсаттағы батальоны орналасқан ғимараттардың жай-күйін көрді. Мәселелерді шешу жолдарын пысықтап, жан-жақты зерттеп-зерделеу қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы әскери қызметшілердің қызметіне табыс тілеп, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту жолындағы еңбектерін жоғары бағалады.

 

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Патриоттық жұмыс
16 апреля 2025
Президенттің кеңесшісі Ұлттық ұлан сарбаздарымен кездесті

Мемлекет басшысының бастамасымен өткізілген Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ел болашағына бағытталған маңызды тапсырмалар жүктелгені белгілі. Осы тапсырмаларды іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде ерекше рөл атқаратын Ұлттық ұланның Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінің жеке құрамымен кездесіп, мазмұнды әңгіме өрбітті.

Аталған шарада Жамбыл облысының бірқатар қоғам қайраткері мен мемлекеттік орган өкілдері бас қосты.

Мәлік Отарбаев Президент тапсырмаларын орындау бағытында жүзеге асырылып жатқан іс-шараларға тоқталып, ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылықты сақтауда әскери құрылымдардың атқарып отырған маңызды қызметін ерекше атап өтті.

Кездесу аясында әскери бөлімнің жеке құрамымен ашық форматта пікір алмасу болды. Жүздесу соңында М.Отарбаев әскери қызметкерлерге сәттілік тілеп, мемлекеттің болашағы жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.

Ол ел қорғаны саналатын Ұлттық ұланның ел бірлігі мен тыныштығын сақтаудағы рөліне айрықша тоқталып, қызметтеріне алғыс білдірді.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Патриоттық жұмыс
15 апреля 2025
Жеңіс күніне арналған шеруге дайындық: Ұлттық ұлан жауынгерлерінің салтанатты киімдері әзірленуде

Ұлттық ұланында Жеңіс күніне арналған салтанатты әскери шеруге қарқынды дайындық жүріп жатыр. Мерекелік шара аясында құқықтық-тәртіп әскерінің тігін шеберханаларында жауынгерлердің әскери киім үлгілері кәсіби деңгейде әзірленуде.

Киімдер арнайы сапалы матадан тігіліп, әскери талаптарға сай пішілуде. Бұл киімдер мерекелік шараның сән-салтанатын арттырып қана қоймай, сап түзейтін сарбаздардың сырт келбетіне салмақты реңк береді. Тігін цехы мамандарының айтуынша, әрбір форма үлгісі нақты өлшемдер бойынша, жауынгердің дене бітіміне сай әзірленіп, максималды ыңғайлылық пен жинақылықты қамтамасыз етеді.

— Әскери форма – бұл жауынгердің ішкі тәртібін, рухын, мақтаныш сезімін бейнелейтін маңызды бөлік. Сондықтан біз киімнің әрбір тігісіне, матаның сапасына, бөлшектердің үйлесіміне үлкен мән береміз, – дейді тігін цехының шебері қатардағы Гүлнұр Әбен.

Киім үлгілерінде ұлттық нақыштағы элементтер көзге айрықша түседі. Бұл — Ұлттық ұлан  әскери  қызметшілерінің дәстүр мен заманауи келбетті үйлестіре отырып, Жеңіс күнінің рухын асқақтата түсуіне бағытталған шешім.

Айта кетейік, Жеңіс күніне арналған шеруге Ұлттық ұланнан 400-ден астам әскерилер қатысады. Оның ішінде патрульдік-бекеттік қызметтің әскери қызметшілерінен және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлерінен тұратын екі есептік топ сап түзеп өтеді. Сондай-ақ, Қазақстанның Күш құрылымдарының құрама оркестрінің сапындағы құқықтық тәртіп әскерлерінің 30 әскери қызметшісі Жеңіс шеруін музыкамен сүйемелдейді.

Ал қазіргі уақытта республика бойынша Ұлттық ұланда 30-ға жуық тігін шеберханасы бар. Онда 40-тан астам әскери қызметші қызмет етеді.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Жауынгерлік қызмет
14 апреля 2025
ҚР ІІМ Ұлттық ұланында кеңейтілген кеңес өтті

Астанада Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың төрағалығымен әскердің басшылық құрамының қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті.

Отырыста құқықтық тәртіп әскерлерінің 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы қызметтік-жауынгерлік қызметінің қорытындылары егжей-тегжейлі талданды. Кеңес барысында өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының, бөліністер басшыларының баяндамалары тыңдалды. Есептердің тыңдалуы әскердің ағымдағы жай-күйін жан-жақты бағалауға және алдағы кезеңге арналған жоспарларды белгілеуге мүмкіндік берді.

Мәселен, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Ұлттық ұлан бақылаушыларының қарауылдары мен әскери жасақтары 400-ге жуық ұялы телефон, 220-дан астам суық қару мен пышақтау-кесу құралдарын, 750 граммға жуық есірткі заттары мен 50 литрден аса спирті бар сұйықтық тәркіледі. Әскер қарауылдары түрмеге тыйым салынған заттарды кіргізудің 35 фактісіне тосқауыл болған. Сондай-ақ Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне заңсыз жолмен рұқсат етілмеген зат алып кірмек болған 26 азаматты ұстаған.

Бұдан бөлек, ұландықтар өрт сөндірудің және адамдарды құтқарудың 11 жағдайына тікелей атсалысқан. Әскери қызметшілер алғашқы тоқсанда 45 жоғалған зат пен 91 смартфон тауып, иелеріне қайтарды. Қызмет атқару кезінде жауынгерлер жүрек талмасы, демікпесі мен ұстамасы бар және басқа да себептерден зардап шеккен адамдарға жедел көмек көрсетті. Сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсамақ болған немесе суға батып бара жатқан азаматтардың өмірін сақтап қалды.

Өз сөзінде генерал-майор Аңсаған Балтабеков елордада өтетін әскери шерудің, сондай-ақ еліміздің аумағында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының қолдауымен өтетін "Кобальт-2025" халықаралық жаттығуларының дайындығына назар аударды.

— Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ішкі істер министрі алдағы басымдықты нақты белгіледі: ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан әрқашан заңдылық пен тәртіптің үлгісі болуы тиіс. Құқықтық тәртіп әскері елдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға міндетті. Бұл ретте бізге үлкен сенім артылып, жауапкершілік жүктелді. Қойылған міндеттердің көлемі жыл сайын артып келеді, сондықтан бүгінгі күні кәсіби, құзыретті кадрларды даярлау ісі қарқынды жүргізілуі қажет, — деді генерал-майор А.Балтабеков.

Кеңес барысында Мемлекет басшысының ҚР ІІМ Ұлттық ұланын сандық және сапалық тұрғыда дамытуға бойынша тапсырмаларының іске асырылуына ерекше назар аударылды. Бас қолбасшы басшылық құрамға осы бағыттағы мақсаттардың орындалуын қатаң бақылауды тапсырды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясында "Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында әскери білім беруді дамыту” тақырыбында VII Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткен болатын.

Конференция барысында офицерлердің құқықтық мәдениетіне, әскери кадрларды даярлау бағдарламаларын жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кеңес қорытындысында генерал-майор Аңсаған Балтабеков алдағы кезеңге арналған бірқатар басым міндеттерді белгіледі. Негізгі тапсырмалардың бірі көктемгі әскерге шақыру науқанын жоғары деңгейде ұйымдастыру болды. Бұл құқықтық тәртіп әскерлерін жасақтау мен олардың жауынгерлік қабілетін сақтаудың маңызды аспектісі болып табылады.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Социальные сети
Youtube
Instagram
Facebook
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы