
Тараз қаласындағы Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде қызмет ететін қатардағы Василий Мазурды алғаш көрген жан оның қазақ тілінде еш мүдірмей сөйлейтініне таңырқай қарайды. Ұлты белорус болғанымен, ол қазақ тілін ана тіліндей меңгерген.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы дүниеге келген қасиетті Жуалы өңірінің тумасы Василий ауылдағы қазақ мектебінде білім алған. Қазақы ортада ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ол бала кезінен батырлар жырын тыңдап, Абайдың қара сөздерін оқып өсті.
Бүгінде оның отбасы мүшелерінің барлығы күнделікті тұрмыста қазақ тілінде сөйлеседі. Василий үшін бұл тек қарым-қатынас құралы емес, өмір салтына айналған.
– Қазақ тіліне деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Себебі қазақ халқының тарихы мен мәдениеті мені әрдайым қызықтыратын, – дейді әскери қызметші.
Василий Отан алдындағы борышын Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінде өтеді. Әскери қызмет ұнағаны сонша, сарбаз алты айдан кейін келісімшарт негізінде қызметте қалуға шешім қабылдайды. Қазіргі таңда ол туған жеріндегі 5513 әскери бөлімінің автомобиль взводында патрульдік көлік жүргізушісі болып қызмет атқарады.
Қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде тіл білудің пайдасын күн сайын көріп жүр. Тараз тұрғындарымен еркін тіл табысып, қызметтік міндеттерін сапалы орындауға бұл үлкен мүмкіндік береді.
Қатардағы Мазур үлгілі әскери қызметші, белсенді әрі жан-жақты азамат. Жыл басында әскери бөлімінде өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауында жеңімпаз атанды. Қазір ол «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында өтетін келесі кезеңге дайындық үстінде.
Бос уақытын да тиімді пайдаланатын сарбаз әскери бөлім кітапханасына жиі барып, қазақ поэзиясының жауһарларын оқиды. Әсіресе ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін ұнатады.
Қазақ тілін құрметтеп қана қоймай, оны өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған қатардағы Василий Мазур – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп жүрген әскери қызметшінің жарқын үлгісі. Оның өмір жолы тілге деген сүйіспеншілік ұлтқа бөлінбейтінін, ал шынайы құрмет нақты іспен дәлелденетінін көрсетеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланында Е-Nazar әскери қызметшілерін психологиялық сүйемелдеудің цифрлық жүйесі енгізілуде.
Жүйені енгізудің арқасында нәтижелерді өңдеу уақыты екі сағаттан 10-15 минутқа дейін қысқарды, қағаз құжаттамасының көлемі 80%-ға азайды, ал психологиялық қызмет мамандарының жұмыс уақытын жалпы үнемдеу шамамен 2000 сағатты құрап отыр.
Жүйе психологиялық тестілеуден өткізуді, нәтижелерді автоматты түрде өңдеуді және аналитикалық деректерді қалыптастыруды бірыңғай орталықтандырылған процеске біріктіреді.
Платформада мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің, келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің және офицерлердің психологиялық тестілеуден өту мүмкіндігі қарастырылған.
E-Nazar-дың басты артықшылықтарының бірі — дербес деректерді қорғаудың жоғары деңгейі, ақпаратты өңдеудің жоғары жылдамдығы, қағаз құжаттамасының көлемін азайту және психологиялық қызмет мамандарына жүктемені айтарлықтай азайту.
Психологиялық әдістердің электрондық нұсқаларын ұландық қос сарбаз — ефрейтор Ким Хён У мен қатардағы Берікжан Бектұрсынов аға офицерлердің басшылығымен әзірлегені жобаға ерекше мән береді. Олар жасаған ақпараттық өнім патенттелген, бұл оның жаңалығы мен практикалық маңыздылығын растайды.
Цифрлық жүйенің тиімділігі елордалық 5573 әскери бөлімінде тәжірибелік апробация барысында расталды. Сәтті тестілеуден кейін жоба Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының барлық бөлімшелерінде автоматтандырылған психологиялық мониторингтің бірыңғай құралы болуға дайын.
E-Nazar-ды енгізу Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының қызметті цифрландыру және әскери қызметшілерді психологиялық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бағытындағы кезекті қадамы болды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Петропавл қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетімді оркестрі Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шеру мен мерекелік концерт өткізді. Музыкалық бағдарлама GuardNext жобасы аясында ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарын тәнті етті.
Әуелі қаланың ең танымал орындарының бірінде әскери музыканттардың салтанатты шеруі өтті. Одан кейін оркестр концерттік бағдарламасын ұсынды. Онда әскери-патриоттық шығармалар мен отандық эстраданың танымал туындылары орындалды. Музыканттар мерекелік көңіл-күй сыйлап, Отанға қызмет етудің маңызын, халық бірлігін және мемлекеттік құндылықтарға құрметті дәріптеді.
Әскери өнерпаздар ашық аспан астында тұрғындарға рухани демалыс сыйлап, Қызылжар аспанын әуезді әуенге бөледі. Жұртшылық оркестрдің өнерін тамашалау үшін бір сәт аялдап, әсерлі көріністі ұялы телефонға таспалады. Көпшілікке таныс әуендерді бірге орындап, ұландықтарға өз алғыстарын білдірді.
Іс-шараны өткізу орны оның мән-маңызын одан әрі айшықтай түсті. Концерт Қазақстан Конституциясы көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағында өтті. Бұл көше ең ұзын Арбат ретінде танымал және бүгінде әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшесі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енуге үміткерлер қатарында.
Концерт Ұлттық ұланның қоғам өміріндегі маңызды орнын тағы бір мәрте айқындап, әскери-патриоттық мәдениеттің азаматтық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлін көрсетті.
GuardNext музыкалық жобасы Ұлттық ұланда тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Жоба әскери-оркестрлік өнерді дәріптеуге, жастардың патриоттық тәрбиесін нығайтуға және әскери қызметшілер мен қоғам арасындағы мәдени байланысты дамытуға бағытталған.
Айта кету керек, шығармашылық жоба ауқымын кеңейтіп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі көрерменнің ықыласына бөленуде. Ашық аспан астындағы концерттер өңір тұрғындарының ерекше қызығушылығын тудырып келеді. Осыған байланысты Петропавлдағы концерт жергілікті тұрғындардың өтініші мен шақыруы негізінде ұйымдастырылды.
Бүгінде Қазақстанның бірнеше қаласының тұрғындары да өз өңірлерінде осындай концерттердің өтуіне қызығушылық танытып, GuardNext жобасының қатысушыларын шақыру жөнінде бастама көтеруде.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Петропавл қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Академиясы түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл еліміздің күштік құрылымдарының қатары 150-ден астам жас офицермен толықты. Олардың қатарында халықаралық ынтымақтастық аясында білім алған Тәжікстан Республикасының өкілдері де бар.
Биылғы түлектер шығарылымы оқу орнының тарихына ерекше оқиға ретінде енді. Академия тарихында алғаш рет бірден бес түлек қызмет өткеру орнына аттанбай тұрып-ақ «аға лейтенант» әскери шеніне ие болды. Олардың үшеуіне офицерлік погондарды Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыстаса, тағы бірі Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың қолынан алды. Ал Тәжікстан Республикасының өкіліне түлектер шығарылымы рәсімінде берілді.
Салтанатты шараға құқықтық тәртіп әскерлерінің қолбасшылығы, ардагерлер, профессорлық-оқытушылық құрам, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен жақындары қатысты.
Биылғы рәсім әскери дәстүрлерді, заманауи технологияларды және ұлттық тарих элементтерін ұтымды үйлестірді. Іс-шараның ең әсерлі көріністерінің бірі қазақ даласының даңқты батырларына арналған театрландырылған қойылым болды. Көрініс Отан қорғаушылар сабақтастығын және әскери қызметтің рухани бастауларын айшықтай түсті.
Мерекелік кештің ерекше сәнін «Ұлан рухы» әнінің тұсаукесері келтірді. Жаңа туындыны Ұлттық ұланның Ән-би ансамблінің солистері мен Академияның жеке құрамы бірлесіп орындады. Ән орындалған сәтте көкке Мемлекеттік Ту мен Ұлттық ұланның туын алып шыққан төрт дрон көтерілді. Бұл көрініс құқықтық тәртіп әскерлерінің қызметінде ұшқышсыз ұшу аппараттарының кеңінен пайдаланылып жатқанын айшықтады.
Салтанатты рәсім құрама әскери оркестрдің және Құрмет қарауылы ротасы әскери қызметшілерінің өнер көрсетуімен сүйемелденді. Қару-жарақтың жарқылымен көмкерілген саптық дефиле барысында ұландықтар жоғары жауынгерлік машықтарын паш етіп, қойылымды Ұлттық ұлан рәмізінің әсерлі көрінісімен түйіндеді.
Дәстүр бойынша мереке офицерлер вальсімен аяқталды. Вальс кезінде жас лейтенант Батырхан Абылденов сүйіктісіне көпшілік алдында үйлену туралы ұсыныс жасады. Осы қуанышты сәтке куә болған қаруластары, командирлері мен қонақтар жас офицердің батыл қадамын қолпаштады. Бұл махаббат оқиғасы түлектер үшін де, қонақтар үшін де ұмытылмас сәт болып қалды.
Ұлттық ұлан Академиясы еліміздегі жетекші әскери жоғары оқу орындарының бірі болып қала береді. Осы уақытқа дейін оқу орны төрт мыңнан астам офицер даярлап шығарды. Бүгінде олар Ұлттық ұлан мен Қазақстанның өзге де күштік құрылымдары қатарында абыройлы қызмет атқарып, азаматтардың қауіпсіздігі мен мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосып келеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Елордада әр түрлі жастағы әуесқойлар мен кәсіби спортшыларды жинаған EСО SWIM жүзу жарысы өтті. Турнирде Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі қатардағы Нұртас Әлібеков жоғары нәтиже көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша ұландық спортшы 18+ жас санатында қашықтықты ойдағыдай еңсеріп, мықты қарсыластар арасында лайықты нәтиже көрсетті. Кәсіби шеберлік танытқан ол үшінші орынға ие болды.
Сонымен қатар, Нұртас Әлібеков турнирдің барлық қатысушылары арасында үздік деп танылып, абсолютті санатта бірінші орынға ие болды. Бұл жетістік оған спорттық дайындықтың жоғары деңгейін дәлелдеуге мүмкіндік берді.
Әскери қызметшінің жетістігі — Ұлттық ұлан өкілдерінің қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде ғана емес, сонымен қатар спорт ареналарында да ведомствоны түрлі жарыстарда лайықты таныстыра отырып, өз қабілеттерін көрсететіндігінің айқын көрінісі.
Қатардағы Әлібековтің турнирдегі жеңісі қызметте де, спортта да мақсатқа ұмтылудың, темірдей тәртіптің және жоғары нәтижелерге ұмтылудың жарқын үлгісі болды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
"Цифрлық профилактика" ведомствоаралық бағдарламасы аясында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша әскери полиция жедел желі телефонын іске қосты.
Жобаның негізгі мақсаты — Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінен, азаматтық персоналынан және азаматтардан өтініштерді жедел және тәулік бойы қабылдауды қамтамасыз ету болып табылады.
Сенім телефонына хабарласуға арналған байланыс нөмірлері: +7 708 703 36 36 және +7 (7172) 27 36 36. Ақпаратты телефон қоңырауы немесе SMS хабарлама арқылы беруге болады.
Барлық келіп түскен өтініштер цифрлық есепке алу журналында тіркеледі, бұл оларды қараудың ашықтығын және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді.
Жедел желіні енгізу құқық бұзушылықтарды уақтылы анықтауға, әскери тәртіпті нығайтуға, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға және әскери қызметшілер мен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ықпал етеді деп күтілуде.
Жедел желіні іске қосу Ұлттық ұланның қызметіне цифрлық технологияларды енгізудің кезекті кезеңі болды, ол ден қоюдың жеделдігін арттыруға және заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған.
#ЗАҢМЕНТӘРТІП
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Маусымның үшінші жексенбісінде Қазақстанда ер адамның отбасындағы, балаларды тәрбиелеудегі және дәстүрлі құндылықтарды нығайтудағы маңызды рөлін көрсететін мереке — Әкелер күні атап өтіледі. Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері үшін бұл күн ерекше маңызға ие, өйткені олар күн сайын тек Отанның ғана емес, өз отбасыларының да қорғаушысы болып келеді.
Бүгінде Ұлттық ұлан қатарында 1700-ден астам көпбалалы отбасы бар. Солардың бірі — 5573 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары подполковник Әділбек Болатхановтың отбасы.
Офицер құқықтық тәртіп әскерінің сапында 20 жылға жуық еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол Қазақстанның төрт қаласында қызмет атқарған. Шаңырақ иесі осыған байланысты отбасымен бірге тұрғылықты жерін бірнеше рет өзгертті. Әскери қызметтің қоныс аударуы мен ерекшеліктерінде кездескен барлық қиындықтарға қарамастан, жұбайы сенімді серік боп, жолдасын әрдайым қолдай білді және үйдегі жайлылықты қамтамасыз етті. Өзара түсіністік пен отбасының қолдауы офицердің Отанға қалтқысыз қызмет етуіне мүмкіндік берді.
Әскери қызмет жоғары жауапкершілікті жәнк тәртіпті талап етеді, десек те кейімкеріміз бала тәрбиесінің маңызды міндет болып қала беретініне сенімді.
- Әке болу — үлкен жауапкершілік. Біз балаларымыздың бізге қарап бой түзегенін қалаймыз, олар үшін үлгі болуға тырысамыз. Әскери қызмет маған тәртіп пен табандылықты, ал әке болу — мейірімділік пен шыдамдылықты үйретті, — дейді подполковник Әділбек Болатханов.
6636 әскери бөлімінің сержанты Махамбет Байжігітов отбасына және қызметтік борышына адалдықтың тағы бір мысалы болып табылады. Әріптестерінің арасында ол байланыс маманы және жауапты әскери қызметші ретінде лайықты құрметке ие. Жұбайымен бірге жеті бала тәрбиелеп, отбасының амандығын, ұлдары мен қыздарының жетістіктерін өмірдегі басты жеңісім деп санайды.
Көп балалы әке балаларды спорт арқылы тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Қызметтен бос уақытында ол ұлдарын қазақ күресі бойынша жаттықтырады. Перзенттеріне ұлттық дәстүрлерге деген сүйіспеншілікті, тәртіпті, қарсыласын құрметтеуді және жеңісжолында жігерлі болуды үйретеді. Сержанттың айтуынша, спортпен шұғылдану балаларға мінез-құлық пен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға көмектеседі.
Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мемлекеттің сенімді тірегі бола отырып, өскелең ұрпақтың бойында патриотизм сезімін, еңбекке деген құрмет пен отбасылық құндылықтарға адалдықты тәрбиелейтін қамқор әке болып қала береді.
"Отан қорғаушы = отбасының қорғаушысы"! Бұл көптеген әскери әкелерді тек қызметте ғана емес, күнделікті өмірде де суреттейтін қағида. Дәл осындай әкелер өз балаларына үлгі болып, отбасы институтын нығайтуға және Қазақстанның болашақ ұрпағын тәрбиелеуге елеулі үлес қосуда.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
ІІМ Ұлттық ұланы Академиясының бірінші курс курсанты Ералы Жазит – Отан қорғау ісін дәстүрге айналдырған әскери әулеттің өкілі. Курсант Петропавлдағы әскери кадр даярлайтын білім ордасында «Байланыс әскеріне тактикалық басшылық» мамандығы бойынша білім алуда.
Оның арғы атасы Жұмабек Мыналимов Ұлы Отан соғысына қатысып, майдандағы ерлігі үшін ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ ордендерімен марапатталған. Ол Беларусь жеріндегі шайқастарда ерекше батылдық танытып, жау күштерін жою мен маңызды әскери нысандарды басып алуда көзге түскен.
Әскери жол кейінгі буындарда да жалғасын тапты. Ералының атасы Жазит Мыналимов Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтесе, әкесі Асқар Мыналимов ішкі істер органдарында және Ұлттық ұланда ұзақ жыл қызмет атқарған. Ол қылмыстық іздестіру және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінде еңбек етіп, кейін құқықтық тәртіп әскері сапында қызметін жалғастырды. Мінсіз қызметі үшін ведомстволық марапаттарға ие болған.
Бүгінде осы даңқты жолды Ералы Жазит жалғастырып келеді. Ол азғантай уақыт ішінде өзін зейінді әрі белсенді курсант ретінде көрсетіп үлгерген. Болашақ офицер оқуды үздікке аяқтап, Мемлекет басшысының қолынан «аға лейтенант» шенін алуды армандайды. Ал қазіргі уақытта сол мақсатқа қол жеткізу үшін талаптанып жүр.
Осылайша, Мыналимовтар әулетінде Отанға қызмет ету дәстүрі төртінші буынға жалғасып отыр. Майдангерден басталған әскери тарих бүгінде Ұлттық ұланның болашақ офицерін тәрбиелеуге негіз болды.
Айта кетейік, биыл ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Академиясын 142 курсант тәмамдайды. Оқу бағдарламасын үздік аяқтаған 16 түлек қызыл дипломға ие болып, оларға алғаш рет бірден «аға лейтенант» әскери шені беріледі.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6654 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Алматы-Өскемен тас жолының Заречный шағынауданына қарасты бөлігінде болған жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетті.
Оқиға куәгері болған ұландықтар дереу апат орнына жетіп, жедел қызметтер келгенге дейін зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге кірісті. Әскери қызметшілер жол-көлік оқиғасы орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, зардап шеккендердің жағдайын бағалап, жедел медициналық жәрдем бригадасын шақырды.
Көмек көрсету жұмыстарына сержант Берік Сәрсенбиев, ефрейтор Шарапат Сағынов, санитарлық нұсқаушы қатардағы Нұркен Бектай, сондай-ақ қатардағы жауынгерлер Қамбар Қанабек пен Әділ Қыстықбай қатысты.
Әскери қызметшілердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында зардап шеккендер медицина қызметкерлері мен құтқару қызметі мамандары келгенге дейін қажетті көмекті дер кезінде алды.
Айта кету керек, 6654 әскери бөлімі Алматы облысының Алатау қаласында орналасқан. Бөлімнің жеке құрамы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерді тұрақты негізде орындайды. Сонымен қатар әскери қызметшілер төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге және азаматтарға көмек көрсетуге әрдайым дайын.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері отандық спорт аңызы Геннадий Головкиннің тарихи жетістігіне орай патриоттық акция ұйымдастырды. Атақты боксшының спорттағы ерен еңбегі мен ел абыройын асқақтатқан жетістіктеріне құрмет ретінде ұландықтар саптық алаңда чемпионның әлемге танымал спорттық брендіне айналған «GGG» жазуын бейнеледі.
Акция Геннадий Головкиннің АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында орналасқан Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) қабылдануына орай ұйымдастырылды. Ол осындай жоғары мәртебеге ие болған еліміздің тұңғыш өкілі атанды.
Іс-шараның ерекше рухын Үлгілі-көрсетімді оркестрдің өнері айшықтай түсті. Әскери музыканттар Геннадий Головкин жекпе-жектер алдында дәстүрлі түрде рингке шығатын әйгілі Seven Nation Army композициясын орындады.
Құрмет қарауылы ротасының әскери қызметшілері жоғары саптық даярлығы мен үйлесімді іс-қимылдарын көрсетіп, әсерлі патриоттық акцияның басты қатысушыларына айналды.
- Геннадий Головкин өзінің қажырлы еңбегі, шеберлігі мен жарқын жеңістері арқылы Қазақстанның атын әлемге танытты. Оның спорттық жетістіктері ұлттық мақтаныш айналған. Ол жас ұрпаққа табандылық пен өз ісіне адалдықтың арқасында әлемдік деңгейдегі жетістікке жетуге болатынын дәлелдеген жарқын тұлға, - деді акцияға қатысушы қатардағы Марлен Сұрамаев.
Геннадий Головкин кәсіби бокстағы ең жоғары құрметтердің бірі саналатын Халықаралық бокс даңқы залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданды. Енді оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді аңыз спортшылармен бір қатарда тұр.
Геннадий Головкин спорттық мансабында әуесқой және кәсіби рингте де жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әуесқой бокста ол 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, ұзақ жылдар бойы ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі болды. Сондай-ақ еліміздің намысын ең беделді халықаралық жарыстарда абыроймен қорғады.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің бұл патриоттық акциясы отандық спорт саңлақтарының жетістіктеріне деген құрмет пен Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаудың айқын көрінісі болды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі