
Алматы қаласында «ОО ЭЛИТА ДОСААФ» қызметтік ит өсіру клубының ұйымдастыруымен барлық тұқымдағы иттерге арналған «Көктемгі кездесулер» атты халықаралық және ұлттық көрмелер өтті. Қазылар алқасының құрамында Чехия мен Қазақстаннан келген халықаралық дәрежедегі сарапшылар болды.
Көрмеге 23 тұқымға жататын 100 ит ұсынылды. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының кинологиялық орталығы 5 ит пен 2 күшікті қатыстырып, олардың барлығы «Өте жақсы», «Жақсы» және «Үлкен үміт» бағаларын иеленді. Сонымен қатар «CAC» және «CACIB» атақтарын жеңіп алып, халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін дәлелдеді.
Үздік нәтижелердің қатарында — сержант Дәуірбек Мұсабековке бекітілген «Санди» есімді неміс овчаркасы бар. Ол ашық сыныпта 3-орынды иеленіп, «CAC» және «CACIB» атақтарына ие болды. Сондай-ақ сержант Самат Үшбаевтың «Аддамс» есімді голланд овчаркасы «R.CACIB» және «CAC» атақтарын жеңіп алды.
Бельгиялық овчаркалар (малинуа) да жоғары нәтиже көрсетті. Кіші сержант Дастан Туниязовтың «Айс» және сержант Павел Графкиннің «Артист» атты иттері «юниорлар» сыныбында тұқымның үздік өкілдері атанды. Ал кіші сержант Дастан Туниязовтың «Блэк» пен «Бони» есімді күшіктері «Best Baby» атағын иеленді. Сонымен қатар сержант Самат Үшбаевтың «Слейт» есімді иті де жүлдегерлер қатарынан көрініп, «CAC» және «CACIB» атақтарына ие болды
Жеңімпаздар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен және сертификаттармен марапатталды. Ұландық кинологтардың халықаралық көрмеге қатысуы мамандар даярлығының жоғары деңгейін және құқықтық тәртіп әскерлерінде қызметтік ит өсіру ісінің қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы айқындаған цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағыты аясында құқықтық тәртіп әскерлерінде ішкі басқарудың заманауи тетіктері енгізілуде. Соның бірі – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тапсырмасымен іске қосылған «Ұсыныс алаңы» цифрлық платформасы.
Платформа Ұлттық ұланның ақпараттық порталында орналастырылған және қызмет орны мен лауазымына қарамастан әрбір әскери қызметшіге құқықтық тәртіп әскерлерін дамытуға, қызметтік үдерістерді жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі қағидаты – кері байланыс пен «еститін қолбасшылық» ұстанымы. Платформаға келіп түскен әрбір ұсыныс әскерді дамытуға бағытталған нақты құрал ретінде қарастырылады.
Бүгінде платформа арқылы 155 ұсыныс келіп түсті. Оның 120-сы өзекті деп танылып, жұмысқа қабылданды. Бастамалар жауынгерлік және жедел-қызметтік әзірлік, инженерлік-техникалық қамтамасыз ету, ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар, тәрбиелік және әлеуметтік-құқықтық жұмыс, сондай-ақ басқа да маңызды бағыттарды қамтиды.
Келіп түскен ұсыныстар Бас қолбасшылықтың бейінді сарапшыларымен 15 күн ішінде қаралады. Ешбір бастама жауапсыз қалмайды, оның ішінде іске асыруға жатпайтын ұсыныстар да назардан тыс қалмайды. Мұндай жағдайда әскери қызметшіге себептері түсіндірілген сараптамалық қорытынды мен идеяны одан әрі пысықтауға қатысты ұсынымдар беріледі.
«Ұсыныс алаңы» әскери қызметшілер бастамасының нақты нәтижеге ұласатынын көрсетуде. Әрбір ұсыныс назарға алынып, әскерді дамытуға бағытталған маңызды қадамға айналуы мүмкін.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес ҚР ІІМ Ұлттық ұланында кадрлық тағайындаулар жүзеге асырылды.
Дәлірек айтқанда, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, сондай-ақ «Орталық» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының жаңа қолбасшылары тағайындалды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің тапсырмасы бойынша жаңа басшыларды жеке құрамға Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков таныстырды.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары лауазымына генерал-майор Бекайдар Қазкеев тағайындалды. Ол ІІМ Ұлттық ұланы жүйесінде 1991 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Қызмет жолында түрлі лауазымдарды абыроймен атқарған тәжірибелі офицер. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 2023 жылдан бастап осы уақытқа дейін Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы қызметін атқарған.
«Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы болып полковник Нұрлан Мұхамедов тағайындалды. Ол ІІМ Ұлттық ұланы жүйесінде 1996 жылдан бері әскери қызмет атқарып келеді. Әр жылдары түрлі басшылық лауазымдарды атқарып, мол қолбасшылық және жедел басқару тәжірибесін жинақтаған. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған. 2021 жылдан осы уақытқа дейін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Жауынгерлік дайындық Бас басқармасын басқарған.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы болып полковник Нариман Акбаров тағайындалды. Ол ІІМ Ұлттық ұланы жүйесінде 1994 жылдан бері қызмет етеді. Қызмет барысында түрлі жауапты лауазымдарды атқарып, білікті әрі кәсіби басшы ретінде өзін көрсетті. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және бірқатар наградалармен марапатталған. 2022 жылдан осы уақытқа дейін «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы қызметін атқарған.
Тағайындау кезінде офицерлердің кәсіби тәжірибесі, жоғары даярлық деңгейі мен әскери қызметтегі еңбегі ескерілді.
Жаңа басшыларды таныстыру барысында оларға қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетті одан әрі нығайту, жауынгерлік әзірлікті арттыру және құқықтық тәртіп әскерлеріне жүктелген міндеттерді тиімді орындау бағытында нақты міндеттер қойылды.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясының базасында қызметтік әдеп пен коммуникация тақырыбында алғаш рет біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Оқу процесі бір аптаға созылды. Іс-шара офицерлік құрамның кәсіби дағдыларын жетілдіруге және халықпен тиімді өзара іс-қимыл орнатуға бағытталды.
Курсқа Ұлттық ұланның өңірлік қолбасшылықтарынан келген офицерлер қатысты. Бағдарламада қызметтік әдеп, заманауи коммуникация мәдениеті, қоғамдық тәртіпті сақтау кезіндегі мінез-құлық стандарттары, сондай-ақ құқықтық негіздер қамтылды. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидатына ерекше мән берілді.
Оқу бағдарламасы аясында дәрістер, тәжірибелік сабақтар және пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылды.
Курсқа арнайы 12 спикер тартылып, 20-дан астам әскери қызметші білім алды. Оқу қорытындысы бойынша тыңдаушыларға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов пен ҚР ІІМ Академиясының бастығы полиция полковнигі Жанат Дильбарханова сертификаттар табыс етті.
Аталған курс әскери қызметшілердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және қоғаммен өзара іс-қимыл сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табуы мүмкін.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының әскери қызметшілері, сондай-ақ 6636 және 5573 әскери бөлімдерінің жеке құрамы республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында елордада өткен ауқымды экологиялық акцияға қатысты.
Іс-шара барысында ұландықтар аулалар мен қоғамдық жерлерді санитарлық тазалау, аула аумақтарын, балалар және спорт алаңдарын абаттандыру жұмыстарына атсалысты.
Әскери қызметшілер қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, тазалыққа жауапкершілікті арттыруға бағытталған экологиялық айлықты қолдап, қала тазалығына өз үлестерін қосты.
Акция Мемлекет басшысының бастамасын қолдау мақсатында өтіп, ұландықтардың қоғамдық маңызы бар істерге белсенді қатысатынын тағы бір мәрте көрсетті.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы құқықтық тәртіп әскерлерінің барлық бөлімшелерінде өткізіліп, әскери қызметшілерді ортақ мақсат - тазалық пен қоршаған ортаны сақтауға жұмылдыруда.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Елордада ASTANA SWIM CHALLENGE халықаралық форматтағы жүзу додасы өтті. Open Water Pool (OPW) форматында ұйымдастырылған беделді жарыста ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі Нұртас Әлібеков үздік нәтиже көрсетті.
Жарыс барысында қатысушылар бассейн периметрі бойынша арнайы белгіленген бағытпен жүзіп, өзара мықтыны анықтаған. Бұл формат ашық суда жүзу жағдайын имитациялаумен ерекшеленеді.
Нәтижесінде қатардағы Нұртас Әлібеков 18 жастан жоғары санаттағы қарсыластарынан оқ бойы озып, І орынды иеленді.
Сондай-ақ ұландық спортшы абсолюттік есепте үздіктер қатарынан табылып, ІІІ орынға тұрақтады.
Әскери қызметшінің бұл жетістігі – Ұлттық ұлан жауынгерлерінің тек қызметте ғана емес, спортта да биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдейді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында елімізде патриоттық рухты көтеретін, әскери қызметтің заманауи келбетін танытатын идеялар ерекше маңызға ие. Осындай тың бастамалардың бірі – ҚР ІІМ Ұлттық ұланы жүзеге асырып жатқан National Guard Next Generation жобасы. Ал Guard Next аталған ауқымды жобаның музыкалық бағыты.
Guard Next аясында Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетілімді оркестрі Астана қаласындағы жоғары оқу орындарында өнер көрсетіп, студенттерге ерекше музыкалық кеш сыйлауда. Бұл концерттер тек мәдени шара ғана емес, сонымен қатар жастарды Отан қорғау ісіне баулитын, олардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыратын маңызды алаңға айналып отыр.
Әскерилерден құралған үрмелі аспаптар оркестрі әлемдік хиттер мен отандық әндерді жаңа форматта ұсынып, тыңдарманға ерекше әсер қалдыруда. Заманауи поп-попуррилер мен ретро әуендердің үйлесімі жастарға жақын атмосфера қалыптастырып, әскердің тек қатаң тәртіп қана емес, рухани-мәдени әлеуеті жоғары орта екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, концерттік бағдарламадағы әскери дефиле элементтері мен Құрмет қарауылы ротасының көрсетілімдері кештің әсерін күшейтіп, көрерменге ұмытылмас эмоция сыйлайды.
Осы ретте мұндай бастамаларда «Заң мен тәртіпті» насихаттаудың маңызы ерекше, өйткені құқықтық мәдениеті жоғары қоғам ғана тұрақты дамып, қауіпсіз әрі әділетті орта қалыптастыра алады.
Әскери қызметтің негізінде жатқан тәртіп, жауапкершілік және заңға құрмет секілді құндылықтар концерттік бағдарламалар арқылы көрініс тауып, жастарға нақты үлгі болады.
Айта кетейік, жуырда дәл осы National Guard Next Generation мега жобасы аясында "BOOKGUARD" әдеби челленджі бастау алған болатын.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Ұлттық ұланда енгізілген жаңа бастаманың басты ерекшелігі – үздік сарбаздардың әскери қызмет барысында-ақ кіші сержант шенін иелену мүмкіндігі.
Кіші сержант Нұркелді Жайылхан – осы мүмкіндікті пайдаланған сарбаздардың бірі. Ол ҚР ІІМ Ұлттық ұланының оқу орталығында арнайы дайындықтан өтіп, әскери шенге ие болды. Қазіргі уақытта Астана қаласындағы 5573 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр.
Айта кетейік, оқу орталығында алғаш рет білімі мен біліктілігін дәлелдеген үздік сарбаздарға кіші сержант шені табысталды. Іріктелген жауынгерлер оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, тағылымдамадан кейін жас сарбаздарды үйретуге тартылды.
Бүгінде олар дабыл кезінде бөлімшені ұйымдастырып, жауынгерлік тапсырмаларды орындауға жетекшілік етеді. Сонымен қатар патрульдік топ бастығы ретінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысады.
Жалпы, бұл мүмкіндік 30 сарбазға берілді. Бастаманың тиімділігі – сарбаздар әскери қызметтен кейін уақыт жоғалтпай, күштік құрылымдарда қызметті бірден кіші сержант шенінен бастай алады.
Бұл жоба жас әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, олардың қызметке деген ынтасын едәуір күшейтіп отыр.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Жаңаөзен қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5548 әскери бөлімінің әскери қызметшілері нөсер жауын салдарынан болған су басу зардаптарын жою жұмыстарына қатысты.
50-ден астам мерзімді әскери қызметші мен 3 техника бірлігі ауа райының қолайсыздығы салдарын жоюға жедел кірісті. Су жиналған 25 учаскеде жұмыс жүргізіліп, әскери қызметшілер суды сорып шығару және қорғаныс бөгеттерін тұрғызу жұмыстарын атқарды.
Үйлесімді әрі кәсіби іс-қимылдың нәтижесінде жағдай тұрақтандырылып, қала тұрғындарының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, сондай-ақ зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілді.
Жаңаөзен тұрғындары әскери қызметшілерге жеделдігі, батылдығы және жанашырлығы үшін шынайы алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, Ұлттық ұлан төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсенді қатысып, қиын сәттерде азаматтарға әрдайым көмек көрсетіп келеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Оралда басталған спорттық және жауынгерлік самбодан Ұлттық ұлан чемпионаты аяқталды. Ел көлеміндегі ірі дода ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогына арналды. Сондай-ақ бұл жарыс Қажымұқан Мұнайтпасұлының туғанына 155 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Үш күнге жалғасқан тартысты бәсекеде Ұлттық ұланның 100-ге жуық жауынгері боз кілемде бақ сынап, күш пен шеберліктің, төзім мен табандылықтың үлгісін көрсетті. Жарыс барысында әр салмақ дәрежесінде үздіктер анықталып, әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығы мен спорттық деңгейі сынға түсті.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков пен Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов сөз сөйлеп, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады.
Олар мұндай ауқымды спорттық шаралар әскери қызметшілердің кәсіби дайындығын арттырумен қатар, жауынгерлердің рухын шыңдауда айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Екінші орын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына бұйырса, үшінші орынды «Орталық» өңірлік қолбасшылығының спортшылары қанағат тұтты.
Айта кетейік, осы додада топ жарған үздік спортшылар мамыр айында Семей қаласында өтетін Ішкі істер министрінің кубогында Ұлттық ұланның намысын қорғайтын болады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі