Аудиттегі цифрлық технологиялар: алаяқтықсыз білім беру

Аудиттегі цифрлық технологиялар: алаяқтықсыз білім беру

Мемлекет басшысы бюджет қаражатын, оның ішінде білім беру саласын дамытуға бағытталған қаражаттың дұрыс пайдаланылуына ерекше назар аударады.

Осы тапсырманы орындау мақсатында Комитет «Онлайн бюджет мониторингі» модулін қолдану мен дамыту бойынша кешенді жұмысты жалғастыруда.

Ағымдағы жылдың басынан бері Комитет пен оның аумақтық бөлімшелері білім беру саласындағы 24 мыңнан астам бюджет төлемдерін зерттеп, нақты уақыт режимінде бухгалтерлердің жосықсыз әрекеттерінен туындаған 256,8 млн теңге көлеміндегі заңбұзушылықтардың алдын алды.

Бұл қаражат педагогтердің еңбекақысын лайықты қамтамасыз ету арқылы білім беру жүйесін дамытуға бағытталуы тиіс, алайда кейбір жағдайларда ол жосықсыз тұлғалардың қолына түсіп жатады.

Мысалы, бюджет төлемдерін мониторингтеу барысында елордада бір бухгалтер бірден екі мектепте жұмыс істейтін болып тіркеліп, өзіне қосымша бухгалтер, сатып алу жөніндегі менеджер және лаборант ретінде жалақы тағайындағаны анықталды.

Осылайша, немқұрайлы бухгалтер заңсыз түрде 12 млн теңгеден астам қаражат алған. Алайда, заңбұзушылықты жасыру әрекеттеріне қарамастан, ол әшкереленді.

Жедел әрекет ету нәтижесінде қаражат қайтарылып, құқық бұзушы жұмыстан босатылды.

Алматы және Қызылорда облыстарындағы бухгалтерлер жақында болған атышулы қылмыстық істер мен қамауға алулардан сабақ алмай, бюджет қаражатын жымқыру әрекеттерін жалғастыруда.

Тек Қызылорда облысының екі ауданында ғана бухгалтерлердің өз есепшоттарына 45 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз аудару фактілері анықталып, олардың жолы кесілді.

Ал Алматы облысында білім беру мекемелерінің басшылық құрамындағы екі қызметкерге 9,6 млн теңгеден астам қаражаттың заңсыз төлем жасау фактісі әшкереленіп, оның алдын алды.

Тек заңбұзушылық анықталғаннан кейін ғана жауапты тұлғалар бұл төлемдерді техникалық қателік деп түсіндіруге тырысты.

Анықталған фактілер осы цифрлық құралдың маңыздылығын және бюджет қаражатын мониторингтеуді одан әрі күшейтудің қажеттілігін растайды.

Бұл халық үшін салықтардың мақсатты түрде жұмсалатынын білдіреді, осылайша балаларымыз бен педагогикалық құрамның мүдделері қорғалады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен толық өзара іс-қимыл орнатылып, негізсіз шығындарды жою бағытында бірлескен шаралар қабылдануда, мониторинг объектілеріне негізсіз аударылған төлемдерді 10 жұмыс күніне дейін қайтару уақыты беріледі

Алайда, алдын алу шаралары қасақана заңбұзушыларға қолданылмайды, оларға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес директивті шаралар қабылданатын болады.

Осы орайда, Комитет цифрлық құралды қолдану шеңберінде кейбір жұмыс аспектілерімен бөлісуді, атап айтқанда, қоғам мен бюджет процесінің қатысушыларына қаржылық мониторинг нысандарына жіберілетін «Онлайн Бюджеттік Мониторинг» жүйесінің хабарламасы қандай көріністе болатынын көрсетуді маңызды деп санайды.