Ішкі аудит қызметтерінің қызметін үйлестіру тәртібімен Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті Үкіметтің қарауына негізгі көрсеткіштер бойынша есеп енгізді.
Ішкі аудит қызметтерінің 2024 жылғы қызметі туралы есепке сәйкес, 555 аудиторлық іс-шара жүргізіліп, 5,9 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды.
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде ІАҚ 152,9 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтарды анықтады, оның 6,1 млрд теңгесі бюджетке өтелуге жатады (1,6 млрд теңге өтелді). Сондай-ақ 146,8 млрд теңге бухгалтерлік есеп бойынша қалпына келтіруге және көрсетуге жататын бұзушылықтар тіркелді (18,4 млрд теңге қалпына келтірілді).
Процестік шешімдер қабылдау үшін ІАҚ құқық қорғау органдарына 40,6 млрд теңге сомаға 86 материал тапсырды, нәтижесінде 11 қылмыстық іс қозғалды.
Жалпы сомасы 109,5 млн теңге айыппұл салынып, 340 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды (82,6 млн теңге мемлекет кірісіне төленді). Сонымен қатар, 707 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Өз кезегінде, ІАҚ қызметін үйлестіру және қолданыстағы Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті (бұдан әрі – Комитет) есепті кезеңде ІАҚ жүргізген 333 аудит материалдарының сапасына бақылау жүргізді (ІАҚ ОМО – 163, ІАҚ ЖАО – 153, ІАҚ ПД – 17).
Тексеру нәтижесінде 36 аудит материалының Аудит стандарттарына сәйкес келмейтіні анықталды, бұл олардың жалпы санының 10,8%-ын құрайды.
ІАҚ қызметін бағалау қорытындысы бойынша тиімділікті арттыруға бағытталған келесі ұсыныстар берілді:
1) Аудиторлық қызметтің тәуелсіздігі мен жариялылығын күшейту (өзіне тән емес міндеттерді орындау тәжірибесін жою);
2) Жүргізілетін аудиторлық іс-шаралардың сапасын арттыру (стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың көрсеткіштеріне қол жеткізуді жан-жақты талдауға бағыттау);
3) Бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерді аудитпен қамтуды ұлғайту, оның ішінде мемлекеттік органға берілген лимиттер шегінде ІАҚ-тың штат санын арттыру;
4) Аудиторлық іс-шараларды жүргізуде электрондық форматты кеңінен қолдану (ведомстволардың ақпараттық дерекқорларына қол жеткізу мүмкіндігін арттыру);
5) Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңестің рөлін күшейту (осы алаңда дәлелдемелік базаның дұрыстығын арттыру мақсатында қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар аудит материалдарын қарастыру).
Комитет ІАҚ қызметін үйлестіруді, оның ішінде әдістемелік және консультациялық көмек көрсетуді жалғастырады.