Экономиканың тұрақты дамуына мемлекеттік қаржы аудитінің жүйелі бақылауы мен заманауи әдістерді енгізумен қатар бюджет қаражатын тиімді пайдалану, сондай-ақ қаржылық ашықтық та әсер етеді. Бұл азаматтардың еліміздің бюджет жүйесіне деген сенімінің нығаюына ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 2024 жылы барлық негізгі міндетті орындап, олардың нәтижелерін иллюстрациялық материалдар түрінде ұсынады.
Жыл бойы мемлекеттік қаржының ашықтығын күшейтуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылды. 2024 жылы Комитет 1 740 тексеру жүргізіп, олардың аясында жалпы сомасы 9 трлн теңгеден асатын бюджет қаражаты қамтылды. Тексерулер барысында 340,9 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Анықталған бұзушылықтардың 271,5 млрд теңгесі немесе жалпы соманың 80%-ы қалпына келтірілді.
Мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы – бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға көмектесетін негізгі қағидаттардың бірі. Осыған байланысты камералды бақылау арқылы 16,7 трлн теңгеге жүргізілген сатып алулар тексеріліп, нәтижесінде 1,2 трлн теңге көлеміндегі бұзушылықтардың жолы кесілді.
Сонымен қатар, 54 жағдайда шығын операцияларын тоқтату бойынша қаржылық әрекет ету шаралары қабылданды. Құқық қорғау органдарына жалпы 26,3 млрд теңгеге 100 материал жолданып, олардың 57-сі бойынша қылмыстық істер қозғалды, 1 483 лауазымды тұлға тәртіптік жауапқа тартылды, 1,3 млрд теңге сомаға 12 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды.
Айқын мысал ретінде «Онлайн бюджет мониторингі» ведомстволық модулінің сәтті іске қосылуын атап өтуге болады. Бұл құрал негізсіз бюджет төлемдерінің тәуекелдерін жедел анықтауға және алдын алуға көмектеседі. Аталған қаржы мониторингінің аясында 965 нысан қамтылып, олардың ішінде жалақы түрінде заңсыз төленген 4,1 млрд теңге көлеміндегі тәукелді төлемдер анықталды. Оның 1,5 млрд теңгесі расталды.
2024 жылы 607 электронды аудит іс-шарасы өткізіліп, 191,9 млрд теңге қамтылды. Оның ішінде 92 млрд теңге көлемінде заң бұзушылықтары анықталды.
Алдағы уақытта Комитет аудитті цифрландыру бағытын, қаржылық бақылаудың тиімділігін арттыратын жаңа әдістер мен құралдарды әзірлеуді жалғастырады. Бұл шаралар уақтылы әрекет етуге, бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.