Алматы облысында жолдарды жөндеу кезінде бұзушылықтар анықталды

Алматы облысында жолдарды жөндеу кезінде бұзушылықтар анықталды

Алматы облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті "Көкпек-Кеген – ҚР шекарасы (Тюп)" (Кеген асуын айналып өтіп) республикалық маңызы бар А-6 автомобиль жолын орташа жөндеу бойынша шарттық міндеттемелердің орындалуына жоспардан тыс тексеру жүргізді. 53-68 км учаскесіндегі жұмыстар "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы мен мердігер ұйым арасындағы шарт шеңберінде орындалды.

Аудит барысында шартта көзделген жұмыстардың бір бөлігі орындалмағаны анықталды. Орындалмаған міндеттемелердің жалпы сомасы 6,7 млн теңгені құрады.

Қазақстан Республикасының "Автомобиль жолдары туралы" Заңына сәйкес, орташа жөндеу жолдардың пайдалану сипаттамаларын қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешенін қамтиды. Алайда тексеру заңнаманың талаптары толық орындалмағанын көрсетті.

Аудит қорытындысы бойынша тексеру объектісіне бұзушылықтарды жою туралы нұсқамасы жіберілді. Сондай-ақ, осы бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту рәсімі басталды.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының ақпараты бойынша, мердігер нұсқамаға сәйкес 6,7 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын орындады. Компания филиалында ішкі жиналыс өткізіліп, онда анықталған қателіктер егжей-тегжейлі талданды. Қызметкерлердің бірі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.