Қызылорда облысында газ құбырлары құрылысын тексеру барысында ірі көлемде қаржылық бұзушылық анықталды

Қызылорда облысында газ құбырлары құрылысын тексеру барысында ірі көлемде қаржылық бұзушылық анықталды

Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментімен «Қармақшы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-де «Қармақшы ауданының Төретам елді мекенінде тартылатын газ құбыры мен орам ішіндегі газ тарату желілерінің  салу құрылысы» бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкестігіне жоспардан тыс аудиторлық іс-шара жүргізілді.

Аудиторлық іс-шара нәтижесінде, аудит объектісі тарапынан Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 272-бабының, Қазақстан Республикасының  Бюджет кодексінің 97-бабы 6-тармағының талаптары сақталмай, «Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Төретам елді мекенінде тартылатын газ құбыры мен орам ішіндегі газ тарату желілерінің құрылысы» бойынша нақты орындалмаған жұмыстар үшін мердігер мекемеге жалпы сомасы 286 205,7 мың теңгеге төлем жүргізілгені анықталды.

Аудит нәтижесімен анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы аудит объектісіне нұсқама ұсынылып, нәтижесінде 104 119,3 мың теңгенің бұзушылықтары жұмыстарды орындау жолымен қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды тұлғаларының тәртіптік жауапкершілігі қаралды.

Қазіргі таңда, Департаментпен бұзушылықтың қалған сомасын жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.