Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның электрондық мемлекеттік аудиті туралы ҚР ҚМ МҚА тәуекелдер басқармасының басшысы Нукаев Олжас айтып береді.
Цифрлық жобалардың арқасында бюджет қаражатын, мемлекет активтерін және квазимемлекеттік сектор субъектілерін басқару мен пайдаланудың тиімділігі артады.
Электрондық мемлекеттік аудит ақпараттық технологияларды қолдану арқылы қашықтықтан жүзеге асырылады.
Қашықтықтан аудиттің негізгі мақсаты байланыстарды болдырмау жолымен мемлекеттік аудит объектілеріне жүктемені азайту, мемлекеттік аудитті жүргізу мерзімдерін қысқарту және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның құзыретіне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша шешімдердің жедел қабылдануын қамтамасыз ету болып табылады.
Электрондық мемлекеттік аудит электрондық цифрлық қолтаңбалар арқылы куәландырылған электрондық құжаттар пайдаланылған жағдайларда жүргізіледі.
Қашықтықтан аудит қалай жұмыс істейді?
Электрондық аудит жүргізу үшін "е-Қаржымині" интеграцияланған автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің базасында "электрондық Ішкі мемлекеттік аудит" модулі әзірленді.
Аудиторлық іс-шараның барлық кезеңдері дайындық, негізгі және қорытынды, болған жағдайда қарсылықтарды қарауды, сондай-ақ бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдауды қоса алғанда, объектіге бармай-ақ жүзеге асырылады.
Қолданыстағы жүйеде 2020 жылдың қараша айынан бастап мемлекеттік сатып алу рәсімдері бойынша қашықтықтан аудит жүргізіледі.
Бүгінгі күні пилоттық режимде аудит объектілерінің Қаржы-шаруашылық қызметі мәселелері бойынша электрондық аудитті, яғни мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттардың орындалуын тестілейміз.
Сондай-ақ, қаржы министрлігі бухгалтерлік есепті жүргізуді қашықтықтан бағалауға мүмкіндік беретін "мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есептің бірыңғай ақпараттық жүйесін" енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.
Қашықтықтан аудит жүргізу үшін қандай да бір ерекше құзыреттер қажет пе?
Ақпараттық технологиялар саласында арнайы білім талап етілмейді.
Кәсіби білімі бар мемлекеттік аудиторларымыз жаңа жүйенің барлық бизнес-процестері бойынша қосымша тренингтен өтіп, жүйеде жұмыс істеу үшін қажетті ЭЦҚ алды.
Сондай-ақ, электрондық аудит жүргізу басталғанға дейін аудит объектілерінің лауазымды тұлғаларына біздің жүйеге және пайдаланушы басшылығына өту үшін сілтеме жіберіледі.
Жалпы, электрондық аудит рәсімдері аудитор мен объект арасындағы қашықтықтан өзара іс-қимылмен ғана ерекшеленеді, аудиторлардың да, аудит объектісі лауазымды адамдарының да заңнамада көзделген құқықтары мен міндеттері сақталған.
Қашықтағы формат аудит сапасының талаптарына сәйкес келуге мүмкіндік бере ме?
Электрондық мемлекеттік аудит құжаттары жүйеде қалыптастырылады және бағдарламадан, аудиторлық тапсырмадан, аудиторлық іс-шараны өткізуге арналған тапсырмадан, аудиторлық есептен, аудиторлық қорытындыдан, ұйғарымнан және аудиторлық іс-шараның нәтижелерін іске асыру жөніндегі басқа да құжаттардан тұрады.
Аудиторлық іс-шаралардың сапасы стандарттар мен қағидаларға сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік аудиторлар жасайтын құжаттарға тұрақты тексерулер мен талдау жүргізу жолымен де қашықтықтан қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың негізгі қағидаттарын, стандарттарды бұзғаны үшін мемлекеттік аудиторлар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылықта болады.
Осылайша, қашықтықтан тексеру тікелей байланысты болдырмайды, іссапар шығындарын азайтады, ден қою шараларының жеделдігін қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.