
Абай облысында Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы халықпен кездесу өткізіп, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы комитет қызметінің қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді таныстырды.
Кездесу барысында мемлекеттік аудитті цифрландыру, тәуекелге бағдарланған тәсілді дамыту және алдын алу тетіктерін кеңінен енгізу нәтижесінде аудит тиімділігінің артқаны атап өтілді. Есепті кезеңде 541 аудиторлық іс-шара жүргізіліп, 1,8 трлн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты қамтылды. Нәтижесінде 455,7 млрд теңге қаржылық бұзушылық анықталып, олардың басым бөлігі жойылды.
Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу, онлайн бюджеттік мониторинг, электрондық аудит және қаржылық есептілік аудиті бағыттарында енгізілген цифрлық шешімдердің тиімділігі баяндалды. Онлайн бюджеттік мониторинг жүйесі тәуекелі жоғары операцияларды уақтылы анықтауға және негізсіз шығыстардың алдын алуға мүмкіндік бергені айтылды.
Кездесуде мемлекеттік аудиттің жаңа құралдары, оның ішінде SMART AUDIT QAZAQSTAN бірыңғай аналитикалық платформасын құру, жасанды интеллект элементтерін қолдану және мемлекеттік аудиторлардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «Аудитор қалқаны AI» жүйесін енгізу жөніндегі жұмыстар таныстырылды.
Іс-шара барысында азаматтардың өтініштерін қарау, жеке қабылдаулар өткізу және халықпен кері байланысты күшейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысында Комитет алдағы уақытта да цифрлық технологияларға негізделген, тәуекелге бағдарланған және бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған мемлекеттік аудит жүйесін дамыту жұмыстарын жалғастыратыны атап өтілді.