Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ішкі аудит қызметтерінің 2026 жылдың І жартыжылдығындағы қызметінің нәтижелері

Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ішкі аудит қызметтерінің 2026 жылдың І жартыжылдығындағы қызметінің нәтижелері

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және полиция департаменттерінің Ішкі аудит қызметтері 165 аудиторлық іс-шара жүргізді.

Аудиторлық іс-шаралар аясында 1 158,9 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтер қамтылды. Аудит нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы бюджет және өзге де заңнамаларының талаптарын бұзу фактілері 92,6 млрд теңге сомасында анықталды, бұл қамтылған қаражаттың 7,9%-ын құрайды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 32,4 млрд теңге, рәсімдік (процедуралық) бұзушылықтар – 60,2 млрд теңге.

Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында аудит объектілеріне 173 шешім енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бюджетке қаражатты өтеу, бухгалтерлік есепті қалпына келтіру және тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізу арқылы жалпы сомасы 1,7 млрд теңгенің бұзушылықтары жойылды.

Заң бұзушылықтарға жол бергені үшін аудит объектілерінің 226 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке, 136 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 20 аудит материалы процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.

Есепті кезеңде 95 аудиторлық іс-шара материалы сапаны бақылаумен қамтылды. Оның ішінде 16 материал мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына толық сәйкес деп танылса, 76 материал ескертпелермен сәйкес деп бағаланды. Ал 3 материал аталған стандарттардың талаптарына сәйкес емес деп танылды.