ШҚО-да мектеп директоры жанармайды "жеп қойғаны" үшін жазаланды

ШҚО-да мектеп директоры жанармайды "жеп қойғаны" үшін жазаланды

Ұлан ауданының Асубұлақ ауылындағы мектепте ШҚО Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен аудиторлық тексеру барысында 661 мың теңге сомасына 4181,2 литр көлемінде АИ-92 маркалы бензинді негізсіз есептен шығару анықталды.
Мектеп көлігінің жол парақтарында бензиннің нақты жұмсалуы, жанармайға берілген талондардың сериясы мен нөмірі, автомобильдің нақты жүрісін көрсететін спидометрлердің көрсеткіштері, сондай-ақ жүргізушілердің қолдары туралы жазбалар болмаған. Асубұлақ мектебінің директоры бензин беруді және мектеп көлігінің шығуын бақылауды жеке өзі жүзеге асырды.
Сотқа дейінгі тергеу барысында директор Б.К. Катренов кінәсін толық мойындап, мемлекет кірісіне келтірілген залалды 661 мың теңге сомасында өтеді. Алайда, Ұлан ауданы сотының үкімімен мектептің бұрынғы директорына 3,5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды.