
Комитет «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңы аясында ішкі мемлекеттік аудит органдарына жас әрі перспективалы мамандарды тартуға бағытталған кадр саясатын іске асыруды жалғастыруда.
Кадрлық резервті қалыптастыру және жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттарымен және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесу өткізілді.
Кездесулер барысында Комитет өкілдері қатысушыларды ішкі мемлекеттік аудит органдары қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырып, мемлекеттік қызметтің артықшылықтары, кәсіби даму мен мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы айтып берді, сондай-ақ жаңа заңнамада көзделген жаңашылдықтарды түсіндірді.
Заманауи білімге, аналитикалық ойлау қабілетіне ие және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға үлес қосуға ұмтылатын жас мамандарды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Комитет алдағы уақытта да кадрлық әлеуетті нығайту, еліміздің жетекші білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды дамыту және дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі жұмыстарды жалғастырады.