
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік ішкі аудит комитетінің төрағасы Ержан Тілекұлы Мыңжасаров Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесті.
Оның барысында ведомство басшысы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен мемлекеттік аудит саласындағы жаңа тәсілдер туралы айтып, жергілікті халықтың өзекті сұрақтарына жан-жақты жауап берді.Ашық диалог форматында өткен жиында тұрғындар белсенділік танытып, өздерін мазалайтын мәселелерге байланысты, оның ішінде қашықтан тексеру жүргізу тәртібіне қатысты сауалдарын қойды.
2026 жылдың 15 мамырына дейінгі қорытындысы бойынша 1,7 трлн теңге көлеміндегі бюджет қаражаты аудитпен қамтылып, 372,2 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар мен 963 процедуралық кемшіліктер анықталды. Бұл ретте тексерулердің азайғанына қарамастан қамтылған бюджет қаражатының көлемі екі есе ұлғайғанын айта кетейік.
Бюджетті онлайн мониторингілеу жоспарланған мемлекеттік шығындарды 1,5 трлн теңгеге асыра көрсетудің жолын кесуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, бұрын білім беру саласына тән болған, ақшалай қаражаттарды карточкалық шоттарға заңсыз аударуға байланысты бұзушылықтар саны азайды.
Комитет төрағасы айтқандай, бүгінде ведомствоның алдында тұрған басты міндет – заңсыздықтарды әшкерелеуден бөлек, цифрландыру мен аналитиканың көмегімен оларды бастапқы кезеңде тежеу.
Кездесу соңында ІМАК-нің заманауи аудит құралдарын дамытуды жалғастыратыны жөнінде, сондай-ақ бюджет қаражатының ашықтығын қамтамасыз етуде өзара байланыстың маңызды тетігіне айналған азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге баса назар аударылатыны жеткізілді.