Бюджет саясатындағы көлемді деректердің маңыздылығы жайында, тұтастай басқару бағытындағы бетбұрыс пен жасанды интеллектінің артықшылығы туралы Қаржы министрі Мәди Такиев айтып берген болатын.
- Мәди Төкешұлы, бүгінде цифрландыру барлық мемлекеттік органда жүріп жатқан технологиялық жаңғыру процесіне айналып отыр. Бұл үдеріс мемлекеттік қаржы жүйесіне қалай әсер етеді?
- Цифрландыру – тұтастай басқару философиясына оң әсерін тигізіп отырған заманауи тетік. Біз бұрын бытыраңқы болып келген жүйеден бас тартып, қазір барлық элемент бір-бірімен біте байланысып, бір ағза түрінде жұмыс істейтін бірыңғай модельге ауысып жатырмыз.
Бұл салықты басқару ісінен бастап бюджеттік жоспарлауға дейінгі мемлекеттік қаржы саласындағы барлық деңгейді қамтиды. Мысалы, біз мемлекеттік кірістер блогындағы ақпараттық жүйелерді 14-тен 5-ке дейін азайтып, біртұтас технологиялық темірқазықтың негізін қаладық. Оның аясында Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі (СӘИЖ), Smart Data Finance және Keden сынды негізгі цифрлы шешімдер әзірленіп, дамып келеді.
Осыған дейін қаржы жүйесін басқару тәсілі көбінесе реактивті сипатта болып келгені рас: алдымен оқиға болып, содан кейін біз оған талдау жасап біткеннен соң ғана шешім қабылдайтын едік. Бүгінде цифрлы шешімдердің арқасында жағдайды алдын-ала бағамдауға болады: кірістерді болжау, тәуекелдерді бағалау, тепе-теңдіктің қай тұста бұзылғанын анықтау.
Яғни, бұл есепті құр жүргізуден басқаруға іс жүзінде көшуді білдіреді. Міне осы тұрғыдан алғанда, цифрландырудың мемлекеттік қаржы саласындағы артықшылығы бірден байқалады.
- Ауқымды трансформацияның нақты нәтижелері жайында қазір айтуға бола ма?
- Әлбетте, бірақ мына нәрсені түсінген абзал. Біз санға емес, сапаға баса мән беріп отырмыз: бір жағынан табыстың өскені байқалып, оған басқару жұмысындағы тиімділіктің әсер еткенін жақсы түсінеміз. Ерекшелігі сол, жүйенің құрылымы да түбегейлі өзгеріп отыр.
Атап айтқанда, СӘИЖ бүгінде 2,2 млн салық төлеушіге қызмет көрсетіп, күн сайын жүйені 136 мыңнан астам адам пайдаланып келеді. Ал негізгі операцияларды өңдеу уақыты бірнеше есе азайды: операциялық күннің жабылуы – 18-ден 3 сағатқа дейін, төлемдерді өңдеу – 15-тен 3 минутқа дейін, құжаттар – 1 сағаттан 1 минутқа дейін қысқарды.
Бұл тек қызмет көрсету жылдамдығының емес, басқару сапасының да артқанын көрсетеді.
Одан басқа Smart Data Finance – үлкен деректер платформасын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Ол қазірдің өзінде 78 көзден алынған ақпаратты жинақтап, әрбір салық төлеушіге қатысты толыққанды цифрлы деректі қалыптастыруға қауқарлы.
Алайда ең бастысы – жүйеге деген сенім нығайды. Процестер ашық және логикаға сай болған кезде, бұған бизнес пен қоғамның көзқарасы мүлдем басқа болады.
- Үлкен деректер мен аналатикалық тәсілдер қаншалықты кең қолданылып келеді?
- Бүгінде мәліметтер тұтастай жүйенің негізгі арқауына айналып отыр десем қателеспеймін. Неге десеңіз, біз бұрынғыдай жеке көрсеткіштерге көңіл бөлмейміз. Қазір қалыптасқан аухал толық күйінде көрінеді. Мәселен, Smart Data Finance есебінен жылжымайтын мүлік, көлік, мәмілелер, еңбек келісімшарттары, қаржылық операциялар және басқа да өлшемшарттар туралы ақпаратты қамтитын цифрлы бейін қалыптастырылады. Бұл жекелеген операциялармен қатар нарық қатысушыларының өзара байланысы мен іс-әрекеттерін бағалауға мүмкіндік береді.
Демек, бұл басқару тәсілін түбегейлі өзгертеді. Яғни, бақылау әдістерінің нақтылығы мен олардың орынды болуының кепілдігі артады. Басқаша айтқанда, тәуекелі жоқ жерге араласпай, проблемалы аймақтарға баса назар аударамыз.
Сонымен қатар бюджет кірісін болжау саласында, тәуекелдерді басқару ісі мен операцияларды талдау бағытында жасанды интеллект элементтерін енгізіп келеміз. Бұл басқару тетігінің дәлдігін күшейтіп, проактивті процеске көшуге мүмкіндік беретін келесі қадам.
- Көлеңкелі экономикаға қарсы күресте цифрландыру өз тиімділігін дәлелдеді ме?
Аталған бағытта көзге көрінетіндей нәтижелер жоқ емес. Осы орайда электронды шот-фактуралар мен үлкен деректерді талдау сынды құралдар шешуші рөл атқаратынын айта кетейік. ЭШФ-ға толық көшу жалған операцияларды автоматты режімде анықтауға сеп болды.
www.zakon.kz
