Қазына – халықтың игілігі: Ішкі аудит қызметтерінің күнделікті жұмысы

Қазына – халықтың игілігі: Ішкі аудит қызметтерінің күнделікті жұмысы

Мемлекеттік бюджеттен бөлінген әрбір теңгенің қайда және қалай жұмсалатыны әрқашан қоғам назарында болады. Қазақстан Республикасының Ішкі мемлекеттік аудит комитеті Үкіметке 2025 жылдағы Ішкі аудит қызметтерінің жұмысы жөніндегі қорытынды есеп ұсынды. Бұл құжат тек құрғақ статистика емес, елдегі қаржылық тәртіптің нақты көрінісін көрсетеді.

 

2025 жылы Ішкі аудит қызметтері(ІАҚ) бақылауына алынған қаражат көлемі айтарлықтай болды: жалпы сомасы 4 триллион теңгені құрайтын мемлекеттік активтер тексерілді. Мамандар 555 аудиторлық іс-шара өткізіп, нәтижесінде 26 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтарды анықтады. Бұл деректер ішкі бақылау жүйесінің бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануға қарсы тиімді тосқауылға айналып келе жатқанын дәлелдейді.

 

Қаражатты қайтару мәселесі басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Қазіргі уақытта Ішкі аудит қызметтерінің жұмысының нәтижесінде мемлекет меншігіне 1,5 млрд теңге қайтарылды. Сонымен қатар 21 млрд теңге сомасында жұмыстар мен қызметтер арқылы қалпына келтіру шаралары жүргізіліп, бухгалтерлік есепте тиісті түрде көрсетілді.

 

Қаржылық тәртіпті сақтамағандар үшін заң талаптары басты орында. Ішкі аудит қызметтерінің қорытындысы бұрынғыдай ескерту жасаумен шектелетін кезең артта қалғанын көрсетеді: 48 материал құқық қорғау органдарына жолданды. Бұл кейбір заң бұзушылықтар бойынша қылмыстық істер қозғалуы мүмкін екенін білдіреді.

 

287 лауазымды тұлға жеке қаражаты есебінен жалпы сомасы 78 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл төледі. Тағы 733 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

 

Комитет өзге ведомстволарды ғана емес, Ішкі аудит қызметтерінің жұмысын да бақылауда ұстайды. Тексерілген 378 материалдың тек 16-сы ғана (4%) белгіленген стандарттарға толық сәйкес келген. Құжаттардың басым бөлігі ескертулермен қабылданды.

 

Мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуын болдырмау – негізгі міндет. Осыған байланысты Комитет әдістемелік қолдауды күшейтіп, аудиторлардың кәсіби біліктілігін арттыруға басымдық бермек. Өйткені бюджет – халықтың ортақ игілігі. Ал ішкі аудит – осы қазынаның сақшысы. 2025 жылдың қорытындылары бақылау тетіктері жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді, алайда олардың сапасын арттыру мен жауапкершілікті күшейту – уақыт талабы және мемлекеттік аудиттің басты миссиясы.