Қаржы министрлігі халықпен ашық кездесулер өткізуді жалғастырып келеді

Қаржы министрлігі халықпен ашық кездесулер өткізуді жалғастырып келеді

ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мынжасаров Жамбыл облысының тұрғындарымен онлайн форматта кездесті.

Ведомство басшысы 2025 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындылары жөнінде айтып берді. Айталық, комитет пен оның аумақтық департаменттері 905 тексеру жүргізіп, оның барысында 2 трлн теңгеден астам қаражат қамтылды. Тексеру азайғанына қарамастан 348,3 млрд теңге көлемінде кемшіліктер анықталып, бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 34% көп. Сонымен қатар камералды бақылаумен сомасы 12,4 трлн теңге болатын 350 мыңнан астам мемлекеттік сатыпалым рәсімі қамтылып, 1,3 трлн теңге көлеміндегі бұзушылықтардың жолы кесілді. Нәтижесінде 310,4 млрд теңгеге кемшіліктер жойылып, бюджетке 4,8 млрд теңге қайтарылды.

Бұдан бөлек ІМАК «Онлайн-бюджеттік мониторинг» құралын жолға қойды. Аталған жүйе әлеуметтік салада еңбекақы төлемдерін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 1,4 млрд теңге көлемінде заңсыз төлемдер анықталып, олардың 63% бюджетке қайтарылды. Бұл амал тәуекелге негізделген тәсілді енгізудің тиімділігін көрсетті.

Жаңа бастамалардың бірі – бюджет қаражатының бүкіл қозғалысын, яғни бағдарлама әкімшісінен бастап түпкілікті алушыға дейінгі жолын қамтитын «пирамида тәріздес аудит» әдісін енгізу. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында 22,8 млрд теңге көлемінде мақсатсыз шығыстар, оның ішінде аграрлық салаға тән емес бағытқа қаражаттар жұмсалғаны әшкереленді.

Кездесу ашық диалог түрінде өтті. Жамбылдықтар өзекті сұрақтарын қоюға мүмкіндік алып, ІМАК басшысы заң аясында тұшымды жауап берді.

«Біз мемлекеттік аудитті цифрландыруды күшейтіп, заманауи талдау құралдарын енгізіп жатырмыз. Аудит процесін қоғам үшін ашық әрі түсінікті ету – біздің басты мақсатымыз», деді Ержан Мынжасаров.