Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің басқарма басшысы Асет Омаров бірыңғай тәжірибені қалыптастыру және Комитет пен прокуратура органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының шақыруымен дәрістік сабақтарға қатысты.
Кездесуде салалық заңнаманың нормаларын қолданудың практикалық қырлары, оның ерекшеліктері, соның ішінде мемлекеттік аудит материалдарын прокуратура органдарына іс жүргізу шешімін қабылдау үшін жолдау, прокуратура органдарының талаптарына сәйкес қорытынды беру үшін маман бөлу, сондай-ақ заңнамадағы жаңа енгізілімдер талқыланды. Бұл жаңашылдықтар қызметке заманауи жүйелік мониторинг құралдарын енгізуді, бюджет шығыстарын талдауды көздейді. Мұның барлығы ашықтықты қамтамасыз етуге, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға және қаржылық тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша, жалпы алғанда, Қазақстандағы мемлекеттік аудит бюджет процесіне қатысушылардың барлық саладағы түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуін тексеруге және бағалауға бағытталған, тұтастай алғанда дербес әрі тәуелсіз орган жүйесі болып табылатыны атап өтілді.