Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде бес жыл бойы студенттердің стипендиялары заңсыз иемделінген

Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде бес жыл бойы студенттердің стипендиялары заңсыз иемделінген

Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде (бұдан әрі – Колледж) ішкі аудит жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша жалпы сомасы 204,1 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар анықталды, оларды мемлекеттік бюджетке өтеу қажет. Аталған соманың ішінде аудит барысында 3,0 млн теңге өндіріп алынды.

Тексеру барысында 2021–2025 жылдары Колледжде заңнама талаптарын бұза отырып, білім алушылардың тамақтану, тұру және оқу әдебиетін сатып алу шығындарын ішінара өтеуге бөлінген бюджет қаражаты заңсыз иемденілгені анықталды. Заңсыз иемденудің жалпы сомасы 203,1 млн теңгені құрап, ол 286 студентке қатысты болды.

Атап айтқанда:

  • 2021 жылы – 71 студентке арналған 11,9 млн теңге;

  • 2022 жылы – 160 студентке арналған 19,1 млн теңге;

  • 2023 жылы – 235 студентке арналған 43,8 млн теңге;

  • 2024 жылы – 210 студентке арналған 78,3 млн теңге;

  • 2025 жылдың алғашқы алты айында – 206 студентке арналған 50 млн теңге.

Сонымен қатар, алты жағдайда жалпы сомасы 310,2 мың теңге мөлшерінде мемлекеттік стипендияларды артық төлеу фактілері, сондай-ақ екі жағдайда 712,0 мың теңге көлемінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша артық аударымдар анықталды.

Аудит қорытындысы бойынша анықталған заңбұзушылықтарды жою және осы бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарау жөнінде нұсқама берілді.