Бюджетке өндірілетін сома – 93,8 млн теңге, оның ішінде 63,8 млн теңге қайтарылды – бұл жалпы соманың 68%-ын құрайды. Сонымен қатар, қалпына келтірілуге тиіс 9,1 млрд теңгенің 8,1 млрд теңгесі қайтарылды. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысының орынбасары Нұржан Сүлейменов 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы департамент жұмысының қорытындыларына арналған баспасөз конференциясында хабарлады.
Жыл басынан бері Департамент 46 аудиторлық іс-шара жүргізді, оның ішінде 9-ы – жоспарлы, 37-сі – жоспардан тыс. Тексеру барысында жалпы сомасы 34,1 млрд теңге болатын бұзушылықтар анықталды, оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 9,2 млрд теңге, рәсімдік бұзушылықтар – 24,9 млрд теңге.
Тексеру нәтижелері бойынша 42 аудит нысанына бұзушылықтарды жою және кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы нұсқамалар берілді. Барлығы 36 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 63 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 10,7 млн теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, 7 материал процессуалдық шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды.
Камералдық бақылау аясында жалпы сомасы 642,3 млрд теңгені құрайтын 8 862 мемлекеттік сатып алу конкурсы талданды. 161,4 млрд теңге көлемінде бұзушылықтар анықталып, 610 хабарлама жолданды.
Сондай-ақ, білім беру, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау салаларында жалпы сомасы 353,2 млн теңге болатын тәуекелді төлемдерге онлайн-бюджеттік мониторинг жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 163 хабарлама жолданып, 93,6 млн теңге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде 67,8 млн теңге бюджетке қайтарылды.