Цифрландырудың жол картасын іске асыру аясында ішкі мемлекеттік аудит саласында жүйелі өзгерістер жалғасуда.
Басты қадамдардың бірі – Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен оның аумақтық департаменттері сәтті қолданып келе жатқан электрондық аудиттің функционалын кеңейту.
Енді орталық мемлекеттік органдардың 26 және жергілікті атқарушы органдардың 20 ішкі аудит қызметі осы цифрлық жүйеге дербес қол жеткізіп, аудиторлық іс-шараларды сапалық тұрғыдан жаңа деңгейде – ашық, жедел және нәтижеге бағытталған форматта ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болды.
Ішкі аудит қызметтерінің ведомстволық ақпараттық жүйелер мен дерекқорларға қолжетімділігі ескерілсе, электрондық аудит олар үшін ерекше тиімді және икемді құралға айналмақ.
«Біз жай ғана жаңа технология енгізіп жатқан жоқпыз – біз ішкі мемлекеттік аудиттің бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл – ішкі аудитті тек бақылау құралы ғана емес, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталған нақты тетікке айналдыру жолындағы маңызды қадам», – деді ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Оразбай.